Павлодар облысында қырылған киік саны үш есе артты

Биыл Павлодар облысында қырылған киіктердің саны үш есе артты. Жыл басынан 664 киіктің өлексесі табылып, жойылған. Әлеуметтік желіде Павлодар және Абай облыстарымен шектесетін тұста жүздеген киіктің өлекселері жатқаны туралы бейнежазба тарады. Видеоны дала экпедициясына шыққан топ байқап, түсіріп алыпты. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Павлодар облыстық аумақтық инспекциясының мәліметінше, желтоқсан айының ортасынан бастап киіктерде шағылысу кезеңі өтеді. Аталықтың жасы неғұрлым үлкен болса, оның шағылысатын ұрғашы киіктерінің саны да соғұрлым көп болады. Соған байланысты текесі көп энергия жұмсап, «күйіп кетуі» мүмкін. Оның дені кейін өліп қалады. Бұл -табиғи үрдіс. Баянауыл және Май аудандарының далалы жерлерінен жиналып жатқан өлекселер -сол қыста қырылған аталық киіктер. Сондықтан, киіктер жаппай қырылды - деп дабыл қағуға негіз жоқ. Ғалымдардың тұжырымы бойынша жыл сайын киіктердің шамамен 10 пайызы табиғи түрде өліп, киік табындарының саны реттеліп отырады. Ал өлекселерді жергілікті әкімдік жинап, арнайы қорымдарға апарып өртеп жібереді. 

ЖАНКЕЛДІ ҒАПБАСОВ, «DALA CAMP» ҰЛТТЫҚ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Енді біздің санағанымызша, 35-ке жуық киікті көрдік. Олардың бәрі жол бойында. Далалық аймақтарда олардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Киіктердің денесінде ақ жүн. Қыстық түктерін әлі ауыстырып үлгермеген. Соған қарағанда бұл наурыздың бастарында немесе сәуірдің алғашқы күндерінде болған жағдай болуы мүмкін. Киіктердің денесі әлі шіріп, бұзылып үлгермеген. Денесі бүтін жатыр. Мүйіздері бар. Сонысына қарағанда, олардың барлығы текелер деген нұсқау бере аламыз.