Оралда үйінде есірткі тектес өсімдіктерді өсірді деген күдікпен ағайынды жігіттер ұсталды. Полиция дерегінше, олар баспанасын жылыжайға айналдырған. Ағайындылар үйінің астынан қазылған жасырын жертөлені желдету жүйесімен жабдықтап, жарық өткізген. Бұл жерден 7 түп өсімдік пен дайын өнім, түрлі құралдар және 14 миллион теңге тәркіленді. Ал екінші күдіктінің пәтерінен арнайы жабдықталған екі жылыжай-шатырдан 22 түп қарасора, түрлі ыдысқа салынған шөп пен қажет құралдар тәркіленген. "Бағбандықтың" қызығына түскен бауырлар ата-анасының да үйіне 560 сіріңке қорабы салынған қапшықты жасырыпты. Полиция дерегінше, тәркіленген заттардың құны 13 миллион теңгеге жуықтайды.
НҰРЖАН ҚУАНҒАЛИ, БҚО ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
Жалпы тәркіленген есірткі көлемі 18-20 келі. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасуда. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.