Қашықтан жұмыс істейтіндер саны көбеймей тұр

  • AstanaTV
  • 05 мамыр 2026

Жұмысқа бармай жалақы алуға болады. Бірақ, қашықтан қызмет қылып, өзі білер машықтан табыс тапқысы келетіндер саны 45мыңға да жетпейді. Таңертең ұйқысын қимай, жұмыста кеңсеге сыймай жүретіндердің бұл форматқа ауысуына не кедергі? Жаңа жүйенің жаңашылдықтары қандай? Тілші тарқатсын.

Ковид белең алғанда, елдің елең еткені рас. Бірақ, сол жылдары технология тың туындылармен толығып, жұмыстың да жаңа форматы пайда болды. Пандемия аяқталар тұста, қашықтан жұмыс істеп, кеңсеге бармай табыс тапқандардың саны 54 мыңға жуықтаған.

МАРЛЕН ЖҰМӘДІЛЛӘ, ТАРГЕТОЛОГ:

Дамыған уақытта үйде отырып басқара бересің барлығын. Қазіргі уақытта әлеуметтік желі дамыған. Мысалы, офисқа бармайсың, күнделікті энергия құрту деген жоқ. Үйіңде, кофейняда өзіңе жағдай жасап, ноутбугыңды алып осылай жұмыс жасай бересің негізі.

Иә, жұмысты жеңілдеткенімен, кеңседен тыс тірлікті таңдайтындар аз. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, елде қашықтан жұмыс істейтіндер саны 2022 жылы 38 мыңға жетті.  Бұл көрсеткіш 2023 жылы 42,5 мыңға жетсе, 2024 жылы 44мың маман онлайнға көшкен. Ал былтыр 44,2 мың дейін артқанымен, олардың үлесі 0,47 пайыз деңгейінде қалып отыр.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Бизнес субьектілеріне артықшылығы қашықтықтан жұмыс жасау арқылы көптеген мынау аренда төлеу, кеңсені жалға алу және тағы да басқа әкімшілік шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Басқа мемлекеттерден де қашықтықтан білімді кадрларды тартуға мүмкіндік бар.

Жұмыс берушілер кеңсесіз форматта да қызметкерлерін техника және интернетпен қамтуы қажет. Алайда, көп жағдайда жұмысшылар өз құралдарын пайдаланады. Былтыр 40 мың адам жеке байланыс құралдарын қолданса, 4,2 мыңы ғана жұмыс беруші ұсынған техникамен қамтылған.

ШОЛПАН МОЛДАБЕКОВА, ҚР ЕХӘҚМ МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Жұмысқа кірер басында басталғанда сонда еңбек шартында белгіленеді. Режим ретінде. Ал мысалы әдеттегідей қалыпты жұмыс істеп келе жатып, кейін бір жағдайлар бойынша қашықтықтан режимді ауысуға ниет білдірген болса онда қолданыстағы еңбек шартына өзгерістер енгізіледі.

Қашықтан жұмыс істеу форматы дамығанымен, қызығатындардың қарасы көбеймей тұр. Көп жағдайда жауапкершілік қызметкердің өзіне жүктеледі. Сондықтан бұл бағытта нақты талаптар мен қолдау тетіктерін күшейту маңызды.