«Топырақты қорғау туралы» заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар оның негізгі ережелерін нақтылап, күшейтті. Ең алдымен, орталық уәкілетті орган ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігі белгіленіп, оның негізгі өкілеттіктері бекітіліп отыр.
Сонымен қатар, топырақты және агрохимиялық зерттеулерді, топырақты қорғау мен оның мониторингі бойынша басқа да іс-шараларды жүргізу тетіктері регламенттеледі. Мұндай жұмыстардың нәтижелері мен практикалық ұсынымдар көпшілікке қолжетімді болады және электрондық ауыл шаруашылығы картасында көрсетіледі.
Жер құқық қатынастары субъектілерінің құқықтары мен міндеттері бөлек бекітіледі. Соның ішінде топырақтың құнарлы қабатын қорғау бойынша талаптар енгізіледі. Атап айтқанда, жұмыс кезінде оны міндетті түрде сыпырып алу, дұрыс сақтау және кейіннен пайдалану, сондай-ақ оны сыртқа шығаруға тыйым салу қарастырылған.
Ілеспе заң жобасы қолданыстағы заңнаманы жаңа нормалармен үндестіруге бағытталған. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы жерлерін берген кезде міндетті түрде ауыл шаруашылығы жерінің паспортын беру енгізіледі. Ол бонитет балын, қарашірік мөлшерін, азот, фосфор және калий деңгейін, тұздану дәрежесін, қышқылдығын, механикалық құрамын және топырақтың басқа да сипаттамаларын тіркейтін ресми құжатқа айналады.