Ұшақ пен тікұшақ тізгіндеу - екі бөлек әлем

  • AstanaTV
  • 06 мамыр 2026

Аспан әлемі -қателікті кешірмейді. Әсіресе, ел қауіпсіздігін күзеткен әскери авиация үшін әр секундтың құны жоғары. Әдетте, алып ұшақ пен епті тікұшақтың тізгінін ұстаудың айырмашылығына мән бермейміз. Бірі - стратегиялық биіктікті бағындырса, екіншісі - ең күрделі жер бедеріне қонуға машықтанған. Ұлттық ұланның әуе қорғанысы күштері қалай жұмыс істейді? Ұшқыш болам дегендер нені ескеруі керек? Саланың қыр-сырын  әріптесім Айсәуле Съезбек айтады.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Құлақ тұндырар мотор гүрілі. Секунд ішінде көкке шаншылатын алып темір тұлпарлар. Және секундтық қателікті кешірмейтін аса жоғары жауапкершілік. Бұл -әскери авиация. Олар үшін аспан – жай ғана әдемі көрініс емес, қорғаныс шебі.  Ал көк жүзін бағындыру – күнделікті жұмыс.  Ел қауіпсіздігінің басты тірегіне айналған әуе қорғанысы күштерімен жақынырақ танысамыз.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

3656 әскери бөлімі құрылымындағы Ұлттық ұлан авиациясы. Әр ұшып-қонғанда өз өмірін тәуекелге тігетін ұшқыштардың жұмысымен бүгін жақын таныспақшымыз. Мен бүгін алғаш рет әскери ұшақтың штурвалына отырып көрмекпін.

Әскери форма киіп, ұшақ тізгіндеу менің де бала арманым еді. Әуеге көтерілмесек те, ұшқыш рөліне енудің өзі саланы романтизациялауға жетіп жатыр. Иә, біз үшін бұл - қызық. Ал ел қорғайтын аспан батырларының жауапкершілігі іс жүзінде аса салмақты.

Ұшақ пен тікұшақ тізгіндеу - сырт көзге ұқсас көрінгенімен, физикасы мен басқару стилі жағынан екі бөлек әлем.  Қорғаныс авиациясындағы ұшақ ұшқыштарына стратегиялық міндеттер берілген. Күрделі навигациялық жүйелермен жұмыс қырағылықты талап етеді.Олар алыс қашықтыққа жоғары жылдамдықпен ұшып, кең аумақты барлауға міндетті. Капитан Мақсат Неталин өз салмағы 60 тоннадан асатын Y-8 ұшағымен 20 тоннаға дейін жүк тасымалдайды. Жеке құрамды Қазақстанның ғана емес, әлемнің әр түкпіріне жеткізеді. Төтенше жағдай кезінде от пен судың ортасында қалғандарға қол ұшын созатын маман. 

МАҚСАТ НЕТАЛИН, АВИАЦИЯЛЫҚ ЭСКАДРИЛЬЯ ЛИТЕРЛІК АВИАЦИЯЛЫҚ ЖАСАҚТЫҢ КЕМЕ КОМАНДИРІНІҢ КӨМЕКШІСІ: 

Бізге тек Қазақстанның ішінде емес, шетелдерге де ұшуға тапсырмалар келеді. Ол жаңағы Түркия мемлекетінде жер сілкінісі болған кезде, Ауғаныстан еліне Алиапа қаласына, Дубайға барған кездер болды. Ұшақ авиациясы күрделі метеорологиялық жағдайда ұшуды заманауи навигациялық және радио-байланыс жүйелерін тиімді пайдалануды талап етеді. Әрбір ұшақта әр экипажға саналып тұрған парашют болады төтенше жағдайға байланысты. Жыл сайын әрбір ұшқыш 2 мәрте секіріп тұрады. Өзінің шеберлігін, мінезін қалыптастыру үшін.

Ал басқару жағынан тікұшақ- динамикалық тұрақсыз аппарат. Ұшқыш екі қолымен және екі аяғымен бірдей жұмыс істеуі керек. Сондықтан тікұшақ басқаруды көбіне "бір мезетте бірнеше доппен жонглерлік жасауға" теңейді.  Вертолёт ұшқыштары көбіне тактикалық тапсырмаларға жұмылдырылады. Олар төмен биіктікте ұшып, күрделі жер бедерінде маневр жасай алады. Мұндай ұшулар арнайы операцияларда, іздестіру-құтқару жұмыстарында   жиі қолданылады.

АҚЫЛ ТІЛЕУБЕРГЕН, ТІКҰШАҚ ЭСКАДРИЛЬЯСЫ ТІКҰШАҚ БУЫН КОМАНДИРІ: 

Тікұшақта таудың арасымен де, судың үстімен де, кез келген жерге қонып, қызықты тапсырмалар көп. Бірдеңені іздестіп, жерге жақын, более активный полет. Ал ұшқыштарда ұшты. Көтерілді. Керек биіктікті алды. Ары қарай скучно. Ал тікұшақта тонуста отырасың.

Ұшқыш болу, оның ішінде әскери авиацияда жұмыс істеу көпке арман. Жастайынан әуеде қалықтауды мақсат еткен Әлихан 5 жыл бұрын мектеп бітіре сала Ұлттық ұланның қатаң сынынан өткен.  Жүзден жүйрік шапқан жас түлек бүгінде 114 сағатын әуеде өткізген ұшқыш-штурман. 

ӘЛИХАН СЕЙСЕНБАЙ, ТІКҰШАҚ ЭСКАДРИЛЬЯСЫНЫҢ АҒА ҰШҚЫШ-ШТУРМАНЫ: 

Ұшқыш болу өте қиын. Негізі физика-математиканы жақсы оқу керек. Бұл тікұшақ техникалық жағынан 12 тонна. Оны жоғары көтеру өте оңай емес. Ұшқыштар 4-5 мың биіктікке көтерілгенде бізге қысым көтеріледі. Ол денсаулығы мықты болмаса, бас айналуға алып келеді. Ол ұшу қауіпсіздігімізге зиян келтіреді. Олай болмау үшін әрбір ұшқыштың денсаулығы мықты болуы керек. Вертолеттан ұшқыштарға радиация бөлінеді. Сондықтан иммунитет көтеретін тағамдар жейміз.

Экипаждағы екі ұшқыш әуе кемесінде бірге тамақ ішпейді. Алда-жалда астан уланса, екеуінің бірі аман қалуы тиіс. Бұл - авиациядағы алтын ереже. Әрі тойып, артық тамақ жеуге  болмайды. Кенет маневр жасағанда дене салмағы еселеп артады. Мұндай сәтте қан бастан төмен тез кетіп, ұшқыш есінен тануы әбден мүмкін. Сондықтан әуе серілері әр сәтін есеппен жүргізеді.

АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:

Бірі - көк жүзінде сағаттап барлау жасап, стратегиялық дәлдікпен қашықтықты бағындырса, екіншісі - ең күрделі жер бедеріне қонып, секунд ішінде жедел шешім қабылдайды. Міне, 3656 әскери бөліміндегі ұшақ пен вертолёт ұшқыштарының жұмыс айырмашылығы осында. Техникалары мен тактикалары бөлек болғанымен, олардың мақсаты бір - Ұлттық ұланның ұтқырлығын арттырып, ел қауіпсіздігін әуеден қорғау.