Куәлік саудасы тоқтап, жалған нөмір таққандар көлігінен айырылады

Мәжіліс  автомектептер мен көше серілерінің тынысын тарылтатын заң жобасын мақұлдады. Енді жүргізуші куәлігін базардан картоп алғандай сатып алу немесе медициналық анықтаманы қолдан жасау дәуірі аяқталмақ. Жолдағы ажал мен жеке деректегі астыртын саудаға тосқауыл қоятын құжаттың мәні неде? Тақырыпты әріптесім тарқатып айтады.

Жолдағы ажал- статистика емес, салғырттықтың салдары. Бүгін депутаттар дертке дауа іздеді. Биылғы көрсеткіш көңіл көншітпейді, қаза тапқандар саны азаяр емес. Негізгі себеп -білімсіз жүргізуші мен сатылған куәлік. Депутат Екатерина Смышляева бастаған топ бұл бизнестің тамырына балта шаппақ. Енді автомектеп ашу үшін хабарлама беру жеткіліксіз, қатаң лицензиялау жүйесі қайта оралады.

ЕКАТЕРИНА СМЫШЛЯЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін техникалық құралдарды пайдалану тәртібі нақтыланады. Мұнымен қоса, заң жобасында автомектептердің қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту ұсынылады. Атап айтқанда автомектептердің қызметіне рұқсат беру тәртібі енгізіледі. Ол үшін «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңға өзгерістер енгізілмек.

Жауапты органдар енді көрер көзге жұмыс істей алмайды. Ішкі істер министрлігі "өзім оқып алдым" деп емтиханға келетіндерге жол жабылатынын мәлімдеді. Тек лицензиясы бар мектептің дипломы емтиханға жолдама болмақ. Осылайша, мектеп пен полиция арасындағы делдалдарға тосқауыл қойылады.

САНЖАР ӘДІЛОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазір Әкімшілік полиция комитеті қызметтік тексеріс бастады. Сонымен қатар, заң жобасы аясында жұмыс тобындағы талқылау кезінде дұрыс шешім қабылданған еді. Сондықтан автомектептер мен әкімшілік полиция арасында ешқандай түрлі одақтар мен делдалдар болмауы керек екені нақтыланды. Бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеуі керек.

Жолдағы тәртіп нөмірден басталады. Жыл басынан бері мыңнан астам жалған нөмір тәркіленген. Енді заңды аттап өткендер үшін айыппұл ғана емес, көлікті тәркілеу шарасы енгізілмек. Ал электромобильдерге бөлек түсті мемлекеттік нөмірлер берілуі мүмкін.

БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Ұзақ уақыт бойы көптеген адамдар, оның ішінде ауқатты азаматтар мен олардың балалары жалған нөмірлерді қолданғаны анықталып жатыр. Бұл тек Алматыда ғана емес, басқа өңірлерде де кездеседі. Қарапайым адамдар зардап шегеді, бюджет қомақты қаржыдан айырылады. 

Қауіпсіздік тек жолда емес, желіде де басты назарда. Енді деректері тарап кеткен азаматтарға мемлекеттен шұғыл хабарлама келеді. Ал ірі банктер мен байланыс операторларына қойылатын киберқауіпсіздік талабы 100 пайызға артады.

ГҮЛДАРА НҰРЫМ. ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Цифрлық инфрақұрылымның аса маңызды нысандарын қорғауды Ұлттық қауіпсіздік комитетіне беруді ұсынып отырмыз. Бұл  стратегиялық нысандарға жасалатын кибер шабуылдардың алдын алу үшін жасалған қадам. Мемлекеттік бақылау функциясының күшеюі  елдің цифрлық егемендігін сақтаудың кепілі.

Жалпы алғанда, жұмыс тобы 184 түзетуді қарап шықты. Құжат бірінші оқылымда мақұлданып, Сенатқа жолданды. Сарапшылар бұл өзгерістер жол апатын кемі 30 пайызға азайтып, жеке деректердің ұрлануын тежейді деп сеніп отыр.