Толған химия, харам өнім: елімізде тағы бір брендтің басы дауға қалды

  • AstanaTV
  • 06 мамыр 2026

Елімізде тағы бір брендтің басы дауға қалды. Оқушылар мен студенттердің сүйікті сусындар желісі халал сертификатын алмаған, құрамы таза емес деген күмән бар. Тіпті шошқа ДНК-сының табылуы туралы ақпарат тарады.  Әлеуметтік желіде бұл мәселе қазір  қызу талқыланып жатыр. Тілшіміз Айгерім Есенкелді анықтап көрді.

Балмұздақ, түрлі шайлар мен шырындар әзірлейтін қытайлық компания небәрі бір жарым жылда елімізде 300-ден аса нүктесін ашып үлгерген. Өнімдерін әсіресе жастар мен балалар жарыса ішеді. Алайда соңғы уақытта бұл сусындарды тұтынғаннан кейін өзін жайсыз сезініп, дәрігерге жүгінгендер көбейген.

АНЕЛИЯ ЖАҢАБАЙҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Сол сусынды ішкеннен кейін екі апта көлемінде ауырдым. Ауырғаннан кейін температурам көтеріліп, денеме толықтай бөртпелер, арқама бөртпелер шығып кетті. Жедел жәрдем қызметіне екі рет жүгіндім. Қызметкерлерінің де айтуы бойынша, мұндай симптоммен, бұндай сол брендтен ішкен сусын бойынша мен ғана емес, жүгініп жатқан, қазіргі уақытта ауырып жатқан адамдар саны көп деп айтты.

Әлеуметтік желіде тараған жазбалар жұрттың күмәнін күшейтті. Себебі зардап шеккендер салдарын жариялап, өнімнің қауіпсіздігіне қатысты мәселе  көтеруде. 

БЛИЦ:

- Тұтынғам, бірақ дәмі өзіме ұнамады.

- Бір жағдайдан кейін өнімдерін алмай кеттім. Балмұздақ сатып алып, жеп отырсам, тілім аздап қабыршақтана бастағанын байқадым,  дәмі өте жағымсыз, қатты «химия» болды. Таза табиғи емес

- Халал сертификаты болмағандықтан қазір біз ол өнімді пайдаланбай кеттік. Бірақ та алдыңғы жылы оны білмегендіктен біз пайдаландық, бірақ ол кезде зияны тиген жоқ ешқандай.

Танымал компания әлеуметтік желідегі  парақшасында жеке ұйым берген сертификатты жариялаған. Ал ұйым ол құжаттың тек бір ғана нысанға қатысты екенін айтты. Компания болса дау бойынша тағылған айыптарды жоққа шығарды.

КОМПАНИЯ БАСШЫЛЫҒЫ:

Біздің барлық өнімдерімізде тағам қауіпсіздігі мен сапасына қатысты тиісті сертификаттар бар және қолданыстағы заң талаптарына толық сәйкес келеді. Өнімдердің бір бөлігі ұнтақ негізінде дайындалады - бұл жасырын емес, керісінше ашық түрде түсіндіріледі.

Трендке айналған бренд өнімді   әр жасөспірімнің қолынан көруге болады. Алаңдаған ата-аналар сондықтан сарапшылардың қатаң тексергенін қалап отыр.