Иран АҚШ пен келіссөздердің талаптарын біржақты бұзды. Біріккен Араб Әмірліктеріне шабуыл жасап қана қоймай, АҚШ кемелеріне соққы жасамақ болған. Бұған ашуланған Трамп өзге елдердің кемелерін құтқару операциясын уақытша тоқтатты. Ал, Мемлекеттік хатшы Марко Рубио: «Ираннан өткен алаяқ мемлекет көрмедім», - дейді. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Иран Трамптың ашуына тиді. Бірнеше апта бойы жалғасып келе жатқан бейбіт келісімді біржақты бұзған Иран әскері күні кеше Біріккен Араб Әмірліктеріне шабуыл жасады. Бүгін болса, Ормуз бұғазында құтқару миссиясымен жүрген АҚШ кемелерін атқыламақ болған. Қорғаныс министрі Пит Хегсет, бұлай жалғаса берсе, Иранға соққы жасауды жандандырамыз, - дейді.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз Ормуз бұғазын бұғаттауды күшейтуге мәжбүрміз. Олардың не істеп отырғанын өздеріңіз де көрдіңіздер. Жақсылықты түсінбейтін не деген адамдар өзі? 20 мың өзге ел азаматын Иран тұтқында ұстап отыр деуге болады. Олар, үлкен жүк кемелерінің экипажы. Азық-түліктері таусылып қалған. Дегенмен, оларды құтқару жоспарынан бас тартпаймыз.
Иран АҚШ-тан таяқ жедік деп, еш қатысы жоқ елдерге зиянын тигізуде. Бүкіл әлемді тұтқынға алғысы келіп отыр. Бұл – АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың сөзі. Сыртқы саяси ведомство басшысының сөзінше, халықаралық құқық нормаларын бірінші болып Иран белшесінен басты.
МАРКО РУБИО, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:
Біздің құтқару операциямыз аясында Иранның теңіз аумағына кірген де жоқпыз. Халықаралық су құқығы деген ұғым бар. Оны бірінші болып Иран бұзды. Халықаралық теңізде мүлдем қатысы жоқ елдерге кесірін тигізу, әлемдік сауданы бұғаттау әрекеті – ақылға қонымсыз. Иран әлемдік экономиканы тұтқынға алғысы келіп отыр. Мұнай бағасын күрт өсіріп, пайда көрмекші.
Бұл әлемде Ираннан өткен алаяқ мемлекет жоқ. Марко Рубио өз сөзін осылай деп қорытындылады. Сонымен қатар, Иранға шабуыл бұл – агрессия емес, қорғану деп айды аспаннан шығарды.
МАРКО РУБИО, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:
Жалпы, осы салада жұмыс істейтін азаматтардан басқа ешкім ядролық технологиялармен қызыға қоймайды. Алайда, ядролық салаға қатысы бар кез-келген адам Иран билігінің алаяқ екенін растай алады. Өйткені, Атом Электр Станциясына байытылған уран көп көлемде керек емес. Бастапқыда, олардың ядролық қару жасау дәмесін ешкім білмей қалады деп ойлады. Ал, енді медицина үшін деп беттері бүлк етпей өтірік айтады. Бүкіл әлемді топас деп ойлап, білгенін істегісі келіп отыр. Біз бұған жол бере алмаймыз.
Ресей күні кеше қол жеткізген бейбіт келісімді бұзып, Украинаға соққы жасады. АҚШ пен Ресей соғыста 9 мамырға дейін оқ атпау режимі туралы келісіп еді. Алайда, Украинаның Херьков, Сум және Днепр облыстарында қанатты зымырандар мен дрондар бірнеше адамның өмірін жалмады.