Жамбыл облысында 2 мамырдан бері хабар-ошарсыз кеткен шопан аман-есен табылды. Бес күнге созылған ауқымды іздестіру жұмыстары сәтті аяқталды.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ер адам 2 мамыр күні Тәтті ауылынан 40 шақырым жердегі құмды өлкеге мал жаюға шығып, қайтып оралмаған.
- Шопан жоғалған жерінен 35 шақырым қашықтықта, көршілес шаруа қожалықтарының бірінің аумағынан табылды. Құтқарушылар ер адаммен бірге адасқан малды да тапты, — деп мәлімдеді ТЖМ баспасөз қызметі.
Бес күнге созылған құтқару операциясының ауқымы өте үлкен болды. Шопанды іздеуге ТЖМ құтқарушылары мен полиция қызметкерлері және орман шаруашылығы мамандары жұмылдырылды. Сондай-ақ пилотсыз ұшу аппараттары мен «Қазавиақұтқару» АҚ-ның арнайы авиациясы көмекке келген.
Мамандардың айтуынша, табылған азаматтың жағдайы тұрақты, ол медициналық көмекке мұқтаж емес.