Хантавирус тарап жатыр: пандемия бола ма?

  • AstanaTV
  • 08 мамыр 2026

Қауіпті індет -Хантавирус Еуропаға жетті. Франция мен Швейцарияда  тұрғындардан қауіпті індет анықталған. Аргентинадан Антарктидаға бағыт алған круиздік лайнерде қауіпті инфекция анықталып, үш адам көз жұмған болатын. 23 елден келген 150-ге жуық турист қатысқан сапар барысында вирус сегіз жолаушыдан табылды. Оқиғадан кейін жағдай ушығып, шамамен 40 жолаушы лайнерден түсіп қалып, өз елдеріне оралған. Қазір олар іздестіріліп жатыр. Дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы  хантавирус адамнан адамға өте сирек жұғатынын мәлімдеді.

АЛЬБЕРТ АСҚАРОВ, ҚР ДСМ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЭПИДЕМИОЛОГ ДӘРІГЕРІ:

Жыл сайын әлемде шамамен 100 мыңға дейін хантавирус жұқтыру жағдайы тіркеледі. Ал круиздік кемеде анықталған Андес вирусы - ең қауіпті түрлерінің бірі. Бұл вирус Қазақстанда тіркелмеген, негізінен Оңтүстік Америкада таралған. Адамнан адамға жұғу жағдайлары өте сирек кездеседі, вирустың 99,9%-ы кеміргіштер арқылы таралады. Вирустың Қазақстанға келу қаупі туындаса, медициналық мекемелер дайын,  шекарада санитарлық-карантиндік бақылау тұрақты жүргізіліп жатыр.