Мемлекет басшысы «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.
Конституциялық заңның негізгі мақсаты – Алатау қаласының қарқынды әрі орнықты дамуы үшін жағдай жасау.
Конституциялық заңға сәйкес, қаланы мемлекеттік басқарудың жаңа моделі енгізілді. Атап айтқанда, кәсіпкерлік, кеден ісі, цифрлық активтер, құмар ойындары, әлеуметтік сала, қаржы нарығы, архитектура мен қала құрылысы, экология әрі қоршаған ортаны қорғау, мәдениет, спорт және тағы басқа салаларды реттеудің негізгі қағидалары белгіленді.
Алатау қаласының қауіпсіздігін, сондай-ақ «ақылды қала» ретінде тиімді жұмыс істеуі мен дамуын қамтамасыз ету мақсатында инфрақұрылым нысандары мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелерінің барлық дерегі бірыңғай цифрлық басқару платформасына біріктіріледі.
Конституциялық заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.