Русский Сайттың толық нұсқасы

Әлемдегі ең қымбат бренд - Amazon. Осы платформада «Ермек батыр» қазақ хикаяты сатыла бастады!

  • AstanaTV
  • 03 ақпан 2018
  • 5689

Әлемдегі ең қымбат бренд -  Amazon. Осы аптада Brand Finance деген консалтингтік компания кезекті рет ең қымбат 500 компания тізімін жариялады. Осы компания есебінше /негізі бұдан басқа да есептер бар/, Amazon –ның құны $150,8 млрд. Былтырғы лидер Google $120,9 млрд-пен үшінші орынға түскен. Екінші орында Apple $146,3 млрд. Amazon –ның негізін қалаушы Джефф Безостың байлығы $33,8 млрд-тан $98,6 млрд-қа өсіп, Forbes миллиардерлерінің ішінде бірінші орынға шықты. 

Осы платформада қазақтың екі баласы жасап шығарған комикс сатыла бастағанын білесіз бе?! Мәдибек Мұсабеков пен Бекзат Мырзахметов есімді екі дос түйдей құрдас - 25-те. Олардың Ермек батыр туралы комиксі қазақ аңыздарынан құралған. Ең бастысы, АҚШ –та саудалана бастаған тұңғыш қазақстандық комикс. 1,99 доллар тұрады. Армандарды аласартпауға болатыны туралы Олжас Нұржақыптың материалы. 

Әдебиет пен сурет өнерін ұштастырған екі дос. Фанастикалық хикаятты қазақ батырлары туралы аңыздардан құрастырған талантты жастар. Иә, Мадибек пен Бекзаттың әрекеті, шындығында, бас шайқатады. Олар елімізде комикстер желісін құрып, шетелге шығара білген алғашқылар. Бекзаттың айтуынша, комикс олардың хоббиі болған.

Бекзат Мырзахметов, «Tengri Comics» баспасының директоры:

Алғаш екеуіміз бұл іспен күнделікті бос уақытымызда айналыстық. Хоббиіміз болды. Уақыт өте неге қазақстандық комикстер желісін шығармасқа деген ой келді. Өйткені аталған жанр елімізде әлі дұрыс дамымаған. Ал аудиторияның басым бөлігі шетелдік туындыларға әуес. Сондықтан өз батырларымызды насихаттайтын суреттерден құралған ертегі әлемін жасап шығуға кірістік.

2016-шы жылы сол еңбек екі мың данамен басылып шығады. Бірақ сату қатты қиындық туғызған. Себебі елімізде комикстер тарату жүйесі құрылмаған. Жалғыз ғана компания бар. Дүңгіршектерге қою да қиын етін, - дейді Бекзат.

Бекзат Мырзахметов, «Tengri Comics» баспасының директоры:

Жасап шыққан дүниемізді тарату үшін Marvel компаниясының Salben Comics баспасының көмегіне жүгіндік. Сол жерде басып шығарып, сатылымға қойдық. Бірақ бұл жұмысымыз көңілдегідей қаржы әкелмеді. Біріншіден, оны оқитын аудитория аз, екіншіден, тираж санының шектеулі болғандығынан болар деп топшыладық. Бірақ бастаған істі тастауға болмайды деп бекініп, ары қарай дамытуға кірістік.

Осылайша, қалалық биліктен көмек те сұраған. Бірақ еш қолдау болмапты. Амалы құрыған жастар өз жиған-тергендерін қосып, қалай да болсын нәтижеге ұмтылады. Ол үшін алдымен керегі жоспар, кейіпкер және оны жасап шығатын жабдық. Сөйтіп, екі дос  3 жарым миллион теңге шығарып, «Ермек батыр» туындысын жасауға кіріседі.

Бекзат Мырзахметов, «Tengri Comics» баспасының директоры:

3 жарым миллион теңгені қажетті техника алуға, туындыны ағылшын тіліне аудару сынды жұмыстарға жұмсадық. Негізінен, еңбекті салу досым Мәдибекке жүктелді. Ал, мен оны сату, айналымға шығару жолдарын қарастырдым. Ол үшін шетелдік аудитория қажет. Мен комикстің ең көп тараған отаны - АҚШ-тағы нарыққа ену  үшін жарты жыл бойы құжаттар тізімімен таныстым. Жұмысымыз дайын болғанда Амазон электронды сауда алаңына ұсындық. Ол жерде үш ай бойы тексеруден өтті. Ақырында қаңтар айының басында қуанышты хабар жетті. Қабылдады, келісімге отырдық.

Табанды жұмыс жемісінің алғашқы тарауы аталған сауда алаңының платформасында 24-қаңтар күні жарыққа шыққан. Айтпақшы, «Ермек батыр» деп аталатын фантастикалық хикаяттың авторы - Мәдибек. Оның бұл салаға келу жолы да қызық.

Мәдибек Мұсабеков, «Ермек батыр» хикаятының авторы:

Мен 10 жасымнан сурет салуға құмар болдым. Әсіресе, шетелдік комикстерді қайталап салғанды ұнататынмын. «Өрмекші адам», «Капитан Америка» сынды көпшілікке таныс туындыларды. 18 жасқа толғанда өз ойыммен хикая құрастыруға бел будым. Сол кезде әкем «сен одан да қазақтың батырларын салсаңшы» деп кеңес берді. Міне, идея! Неге кірісіп көрмеске деген ниетпен тарихи кітаптарды оқи бастадым. Батырлар ерлігіне қанығуға тырыстым.

Архитектор мамандығын алып шыққандықтан ба, сурет салу қиын болмады дейді, Мәдибек. Компьютер мен қағаздың да еш айырмашылығын сезінбеген. Талант пен талап «Ермек батыр» хикаятын құрыстырып шығуға жетелеген. Бүгінде, 12 тараудан тұратын 33 беттік ертегі америка интернет дүкені арқылы сатылып жатыр.   

Мәдибек Мұсабеков, «Ермек батыр» хикаятының авторы:

Оқиға 15-ғасырды қамтиды.10 жыл бұрын отбасынан айырылған басты кейіпкеріміз өз бауырлары мен ата-анасын іздеуге жолға шығады. Сол сапарда қиындықтарға тап болады, кедергілерді еңсереді. Әрине, бір соққыдан алыпты өлтіретіндей күшке ие емес, біздің батыр. Шынайылыққа жақын. Сондықтан ол  кедергілерді ақылмен, айламен шешуге тырысады.

Бекзат пен Мәдибек мұнымен шектеліп қалуды ойламайды. Келісімге отырған компаниямен жұмысын әрі қарай да жетілдірмек. Өйткені комикстер әлеміне жаңа хикая үнемі қажет. Ал, қазақ фольклоры тұнып тұрған тарих.

Бекзат Мырзахметов, «Tengri Comics» баспасының директоры:

Біздің мақсат – осы комикстер арқылы шетелдерге өз тарихымызды, мәдениетіміз бен дәстүрімізді, батырларымызды таныту. Әлемдік ірі ойыншылар санатына қосылу. Қазіргі таңда «Ермек батыр» хикаясынан бөлек, «Алтын адам» комиксін де жасап жатырмыз. Егер үкімет тарапынан қолдау болса, жасаған еңбектерімізді кітап қып басу, компьютерлік ойын құрастыру сынды ойымыз бар. Әрине, бұл іске қалтамыздағы қаражат жетпейді. Бірақ бастаған ісімізді барынша насихаттай отырып, биік белестерді бағындырамыз деген сеніміміз мол.

Мәдибек сапалы туындыға жауапты болса, Бекзат оның айналымына арқау болып отыр. Бірақ олардың командасына көп маман керек-ақ: салынған суреттің пошымын келтіруші, оны бояушы, көркем туындыға айналдырушы, сценарий желісін құрастырушы және өзге тілдерге аударушы. Дегенмен ұлттық фольклордан сусындаған екі достың мақсат-мұратына жететініне күмәнданбайсың!

Олжас Нұржақып «Біздің уақыт».