Сыр өңірінде «AMANAT» партиясының қолдауымен ақындар айтысы өтті

Аманат партиясы

Сыр өңірінде «AMANAT» партиясының қолдауымен ХVII ғасырдағы тарихи тұлға, Самарқанд әмірі, даңқты қолбасшы Жалаңтөс Баһадүрдің 450 жылдығына арналған «Алты алаштың арысы - ер Жалаңтөс» тақырыбында республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды.

Ұлы Жеңіс күнімен қатар келген рухани шараның негізгі мақсаты — Жалаңтөс баһадүрдің ерлікке толы өмір жолын насихаттап, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, айтыс өнері арқылы елдік рухты күшейту болды.

Айтыстың ашылу салтанатында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлы сөз сөйлеп, Жалаңтөс батырдың ел тарихындағы орнына тоқталды. Ол баһадүрдің тек қолбасшы ғана емес, өркениет пен мәдениеттің дамуына үлес қосқан тарихи тұлға екенін атап өтті.
Дүбірлі додаға Қазақстанның әр өңірінен келген 12 ақын қатысты. Олар өз өнерлерінде Жалаңтөс баһадүрдің тұлғасын жырлап қана қоймай, ел бірлігі, адал еңбек, білім мен ғылым, ауылдың дамуы, тазалық мәдениеті мен заң үстемдігі секілді қоғамдағы маңызды тақырыптарды кеңінен қозғады.

Айтысты белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев жүргізді. Ал сөз сайысына Жүрсін Ерман бастаған белгілі ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері қазылық етті.

Нәтижесінде Бас жүлде Жұлдызай Маратбекке бұйырды. Бірінші орынды Мұхтар Ниязов иеленсе, екінші орын Хавдолла Бейісханға табысталды. Үшінші орынды Мақсат Ақанов пен Мейірбек Сұлтанхан бөлісті. Сондай-ақ, Дидар Қами Жалаңтөс Баһадүр атындағы арнайы жүлдемен марапатталды.
Сыр елінде өткен бұл рухани кеш ұлттық өнердің мерейін үстем етіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады.