Грузияның жаңа патриархы болып митрополит Шио сайланды, деп хабарлады BBC.
Сайлау Тбилисидің ескі бөлігіндегі Қасиетті Үштік соборында (Самеба) — Грузин православ шіркеуінің басты кафедралды храмында өтті.
Таңертең мұнда түрлі епархиялардан мыңнан астам делегат — дін қызметкерлері мен қарапайым қауым өкілдері жиналды. Алайда шіркеудің жаңа басшысын сайлау құқығына тек Қасиетті синодтың 39 мүшесі ие болды.
Бірінші турда жеңіске жету үшін кандидат епископтардың көпшілік дауысын, яғни кемінде 20 дауысты жинауы қажет еді.
Патриарх тағына уақытша жетекшілік еткен, Грузин православ шіркеуін жаңа патриарх сайланғанға дейін басқарған митрополит Шионың кандидатурасын 22 архиерей қолдады.
Қалған екі үміткер — митрополит Иов (Акиашвили) пен митрополит Григол (Бербичашвили) тиісінше тоғыз және жеті дауыс алды.
Грузин православ шіркеуінің жаңа басшысы Католикос-Патриарх Ілия II қайтыс болғаннан кейінгі 55-күні сайланды. Ол қазіргі Грузия тарихындағы ең құрметті тұлғалардың бірі саналған.
Кеңес дәуірінде патриарх атанған Ілия II ұзақ жылдар бойы қоғам сенім артқан рухани көшбасшы болды. Саясаткерлер де оның пікіріне құлақ асып отырған.
Еске салайық, Грузин православ шіркеуінің басшысы Патриарх Ілия II денсаулығының нашарлауына байланысты Тбилисидегі Кавказ медициналық орталығына жатқызылып, 94 жасында қайтыс болған еді.