Жазушы Есболат Айдабосынның "Бүкір" шығармасы Mecenat.kz әдеби байқауының жеңімпазы атанды

  • AstanaTV
  • 12 мамыр 2026

Mecenat.kz әдеби байқауы мәресіне жетті. Биыл бесінші рет ұйымдастырылған жарыста, Есболат Айдабосынның жылқы мен адам өмірін қатар өрген «Бүкір» шығармасы оза шапты.

Бүкірге халықтың пікірі оң болды. 30дан аса өтінім түсіп, финалға 6 адам өткен додада жетісулық Есболат Айдабосын жеңіске жетті. Енді жазушы өмір бойына ай сайын 500 доллар көлемінде сыйақы алады.

ЕСБОЛАТ АЙДАБОСЫН, ЖАЗУШЫ, MECENAT.KZ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

Негізі бұл шығарманың беретін мотивациясы қоршаған орта сені қанша жерден сыртқа тепкенмен, сенің ішкі діңгегің мықты болса, сен кез келген қиындықты жеңіп шығасың. Кез келген салада чемпион боласың деген мотивацияны береді деп ойлаймын.

Байқаудың жеңімпазы дауыс беру арқылы анықталды. Бірақ, тетікті басып, желіге салғанның бәрі есептелмейді. Оқыған роман жайлы сұрақтарға да жауап беру қажет. 

ЕРЛАН АСҚАРБЕКОВ, ЖОБАНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

Бүкір тексерілген дауыстар бойынша екінші орыннан бір жарым есе, ал үшінші орыннан екі есе көп дауыс жинады. Біз барлығын тексеріп, видеоға түсіріп алдық.

Бұған дейін «Күлпет», «Өлгендер қайтып келмейді», «Өмір бәйтерегі», «Тургенов көшесіндегі үй жұмысқа қабылдайды»атты романдар оқырманның жүрегіне жол тауып, жеңімпаз атанған.

ТИМУР ТУРЛОВ, FREEDOM HOLDING CORP. БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Елімізде таланттылар  өте көп. Әлі айтылмаған, көпшілікке жетпеген қызықты оқиғалар да жетерлік. Біз осындай таланттарды қолдауға, олардың шығармашылығын кеңінен танытуға әрдайым дайынбыз.

Қарымды қаламгерлерді қолдау мұнымен тоқтамақ емес. Еңбектер түрлі тілге аударылып, таспалануы  мүмкін.