Майдангерлер рухына тағзым! Шымкентте Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. «Даңқ» мемориалдық кешеніне жиналғандар соғыста қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті.
Шымкент қаласының әкімі, қалалық мәслихат төрағасы, ардагерлер мен қоғам өкілдері Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.
Жеңіс күні – майдан мен тылдағы жанқиярлықтың, елдік пен ерліктің символы. Қазақ халқы қай кезеңде де Отан қорғауды қасиетті парыз санаған. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында мыңдаған қазақстандық майданға аттанып, ел тәуелсіздігі мен бейбіт өмір жолында жанқиярлықпен күресті. Олардың қатарында шымкенттіктер де бар.
ҰЛБАЛА САРТАЙҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Бұл күнді қазіргі жастар білуі керек. Қазіргі жастар ұғынуы керек. Қазіргі жастар патриоттық еңбекте өмір сүруі керек. Халқын, елін қорғайтындай жігерлі болуы керек деп ойлаймын.
САПАРҒАЛИ ТҮЙМЕБЕКОВ, «ЗАСТАВА ТАРЛАНДАРЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ШЕКАРА АРДАГЕРЛЕР ҚБ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Біздің әулетімізден осы ҰОС екі атамыз қатысып, біреуі оралды, біреуі оралмады. Қара қағаз келді. Біз аталарымыздың ерлігін ұмытпаймыз. Мәңгі жадымызда сақтайтын боламыз.
Салтанатты іс-шараға қатысушылар «Жұлдыз» және «Ұшақ» ескерткіштеріне де гүл шоқтарын қойып, «Даңқ» аллеясын аралады.
Айта кетейік, жүзден астам шымкенттік «Даңқ» орденінің толық иегері атанса, бес жүзге жуық азаматқа Батыр атағы берілген. Қасіретті соғыс жылдарының ауыртпалығын қайыспай көтеріп, Жеңіске жеткен ардагерлердің ерлігі – кейінгі ұрпаққа үлгі, ел жадында мәңгі сақталатын тарихи тағылым.