Астанада робототехникадан «Robotek Grand Tournament» бесінші халықаралық чемпионаты басталды. Биыл бұл доданың ауқымы ерекше. Президенттің «TurkTime!» бастамасы аясында алғаш рет түркітілдес мемлекеттердің ең үздік жас инженерлері бас қосып отыр.
НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:
9 және 17 жас аралығындағы 220-ға жуық қатысушы 9 санат бойынша сынға түседі. Сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия және Тәжікстан сынды өзге де елден келген өрендер Қазақстанның 20 аймағынан іріктеліп алынған жеңімпаздармен бақ сынасуда.
Бес жыл ішінде отандық IT-брендке айналған турнир биыл қатысушылар саны бойынша рекорд орнатты. Шетелдік 45 команданың келуі бәсекелестікті қыздыра түскен.
РОБЕР ЕНЕС ТАН, ТҮРКИЯДАН КЕЛГЕН ҚАТЫСУШЫ:
Мен роботтарды бала кезімнен жақсы көремін. Бұл құлтемірді құрастыруға бір жыл уақытымызды арнадық. Үнемді әрі тиімді технологияны қолдандық, сондықтан шығынымыз аз болды. Роботыма «Спот» деп ат қойдым. Түркиядан екі команда болып келдік. Қазақ бауырларымыз бізді өте жылы қарсы алды.
Қатысушылардың 30 пайызы алыс аудандардан келсе, 10 пайызы- IT саласына қызығатын қыздар.
САНЖАР ШАЛҚАРБЕКОВ, «ROBOTEK» РОБОТОТЕХНИКА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Әлемде робототехника сағат емес, секунд сайын дамып жатыр. Қазақстандық жастар үшін бұл сайыс тек жарыс емес, халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу мектебі.
Жеңімпаздар іргелі оқу орындарында тегін білім алу үмкіндігіне ие болады.
ӘБІЛТАЙ НҰРБОЛ, АҚТӨБЕЛІК КОМАНДА ЖЕТЕКШІСІ:
Бүгінгі жарысқа 4 командамен келіп тұрмын. Алда оқушыларыма сәттілік тілеймін және осы бөлініп жатқан университеттің грантын жеңіп алуға тілектеспін.
Өңірлерден келген жетекшілер шәкірттерінің дайындығына сенімді. Екі күнге созылатын дода мықтылары ертең белгілі болады