Қазақстан мектептеріне жасанды интеллект пәні енгізіледі

Енді мектептерде Жасанды Интеллект пәні оқытылады. Мемлекет басшысы Жарлыққа қол қойды. 1 шілдеге дейін дербес оқыту тетігін, цифрлық инфрақұрылымды, педагог кадрлар даярлауды және балалардың жеке мәліметтерін қорғауға арналған 3 жылдық іс-шаралар жоспары бекітіледі. Сонымен қатар, пилоттық жобаны іске асыру аясында мектептер техникалық тұрғыдан жарақтандырылады, соның ішінде тұрақты, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіледі. Оқыту стандарттары 1 қыркүйекке дейін әзірленбек.

ҒАЛЫМЖАН АЛМАТОВ, «ӨРЛЕУ» БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Педагогтердің біліктілігін арттыру мен цифрлік құзыреттіліктерін дамытуға басымдық беріледі. Яғни, Жасанды Интеллект технологиялары педагогтердің орнын алмастыратын құрал емес, керісінше, педагогтердің оқу процессін тиімді ұйымдастыруға көмектесетін қосымша мүмкіндік ретінде қарастырылып жатыр.