Петропавлда жыл басынан бері 2,5 мыңнан астам абаттандыру ережесін бұзу фактісі анықталды. Өзекті мәселелердің бірі — ірі көлемді қоқысты бейберекет тастау.
Петропавл қаласы полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов учаскелік полиция инспекторларының халықпен жұмысын жеке бақылауда ұстап отыр. Профилактикалық жұмыстар "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында тұрақты түрде жүргізілуде. Тұрғындармен кезекті кездесу Петропавлдағы Болатбаев көшесінде өтті. Серік Әлжанов, мүлік иелері бірлестігінің төрағасы және үйдің белсенді тұрғындары өзекті мәселені талқылады. Рейд барысында осы ауланың аумағында екі құқық бұзушылық фактісі анықталды: ескі жиһаз бен пластик терезелердің тасталуы. Бір жағдайда полицейлер ескерту жасаса, екінші құқық бұзушыға айыппұл салынды. Полицейлердің айтуынша, басты мақсат — жазалау емес, аулалардағы тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету. Кездесулер барысында тәртіп сақшылары заңға сәйкес ірі көлемді қоқысты шығару тұрғындардың есебінен жүзеге асырылатынын түсіндіруде. Жыл басынан бері Петропавлда абаттандыру қағидалары мен аумақтарды санитарлық күтіп ұстау талаптарын бұзғаны үшін 2524 әкімшілік хаттама толтырылды. Профилактикалық жұмыс жалғасуда. Полицейлер еске салады: заң мен тәртіп жауапкершіліктен басталады.