Жазда Алакөлге қатынайтын қосымша пойыздар саны артады

Фото: Көлік министрлігі

2026 жылғы жазғы маусымда «Жолаушылар тасымалы» АҚ шамамен 4,2 млн жолаушы тасымалдауды жоспарлап отыр.

 

Оның ішінде 230 мыңға жуық жолаушының Алакөл курорттық аймағына қатынауы күтіледі.

Маусымдық сұраныстың артуына байланысты ҚТЖ жазғы кезеңде 15 қосымша теміржол бағытын іске қоспақ.

Алакөл бағытына пойыздар Астана, Алматы, Семей, Өскемен, Қызылорда және Павлодар қалаларынан қатынайды.

Қосымша пойыздар мен тіркеме вагондар мына бағыттар бойынша ұйымдастырылады:

– №54/53 «Нұрлы жол – Достық»;
– №253/254 «Нұрлы жол – Достық»;
– №207/208 «Алматы – Достық»;
– №211/212 «Алматы – Достық»;
– №221/222 «Алматы – Достық»;
– №457/458 «Семей – Достық»;
– №459/460 «Өскемен – Достық»;
– «Қызылорда – Достық» тіркеме вагондары;
– «Алматы – Достық» тіркеме вагондары;
– «Павлодар – Достық» тіркеме вагондары;
– №201/202 «Алматы – Нұрлы жол»;
– №203/204 «Нұрлы жол – Шымкент»;
– №205/206 «Ақтөбе – Нұрлы жол»;
– №219/220 «Қарағанды – Балқаш»;
– №231/232 «Алматы-2 – Семей».

– Жазғы маусымда жолаушылар тасымалына сұраныс жыл сайын артады. Әсіресе курорттық аймақтар мен ірі қалаларға қатынайтын бағыттарға қызығушылық жоғары. Осы кезеңде жолаушыларға қызмет көрсету үшін 2 мыңнан астам вагон пайдаланылады, – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма төрағасы Дияр Нүсіпқожанов.

Оның айтуынша, вагондардың 86 пайызы кондиционер жүйесімен жабдықталған.

Барлық жылжымалы құрам жазғы тасымал маусымына алдын ала дайындалып, техникалық тексеруден және санитариялық өңдеуден өткен.

Компания мәліметінше, пойыздарда вагондарды тазалау мен санитариялық-гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету бекітілген стандарттарға сәйкес жүргізіледі.

Сонымен қатар жолаушылар үшін фильм көруге және музыка тыңдауға мүмкіндік беретін мультимедиялық ойын-сауық порталы қолжетімді болады.

Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арнайы жабдықталған вагондар қарастырылған.