“Балалар лагеріне қатысты қордаланған мәселе көп” - депутат

Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Темір Базарбайұлы Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады.

- Жыл сайын жаз мезгілінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен ондаған мың бала жазғы демалыс лагерьлерінде тынығуды жоспарлайды. Бұл кезең – балалар үшін ерекше қуанышты сәт, жаңа достық пен жаңа әсерлерге толы уақыт. Сондықтан балалар лагерьлері сапалы жұмыс істеп, олардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз етіп, жан-жақты дамуына қажетті барлық жағдайды жасауы аса маңызды, – деді депутат.

Алайда депутат осы салада қордаланған мәселелер аз емес екенін айтты.

Соңғы жылдары бірқатар даулы жағдай орын алған еді.

Мәселен:

  • Алматы қаласындағы «Арман дала» лагерінде аумақта сауна, мейрамхана, компьютерлік клуб жұмыс істеген. Балалар еденде ұйықтауға мәжбүр болып, ұлдар мен қыздар бір бөлмеде орналастырылған. 
  • Маңғыстау облысындағы «Айналайын» лагері («Өзенмұнайгаз» қызметкерлерінің балалары үшін) – орын тапшылығы салдарынан балалар екі адамнан бір төсекте немесе еденде ұйықтаған. Қауіпсіздік нормалары өрескел бұзылған. 
  • Түркістан облысындағы «Арман» лагерінен 400 бала ата-аналардың жаппай наразылығы мен жағдайдың қанағаттанарлықсыз болуына байланысты мерзімінен бұрын эвакуацияланған. 
  • Шымкент қаласындағы «Үш бұлақ» лагерінде белгіленген сыйымдылық нормасы асыра орындалған. 

- Мұндай фактілердің жиі қайталануы бұл салада жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетеді. «AMANAT» партиясы Сайлауалды бағдарламасы аясында бұл бағыт негізгі бағыттар ретінде белгіленген. Қауіпсіздік пен сапаны қамтамасыз ету мақсатында депутаттар балалар лагерлерін лицензиялау бойынша түзетулерді қолдады. Лицензиялау 2026 жылғы 1 сәуірінен бастап енгізілді.   Заң бар, басымдық белгіленген. Ендігі міндет – осының барлығын нақты әрі тиімді іске асыру, – деді ол.

Балалар лагері – тек демалыс орны емес. Ол – тұлға болып шыңдалатын, мінезі жан-жақты дамитын, әлеуметтік дағдылары қалыптасатын орта. Алайда, көптеген ата-аналар балалардың мектеп жанындағы лагерінен басқа балаларды жіберетін жер жоқ, жолдаманың бағасы ұдай қымбат, бірақ сапасына кепілдік бермейді және де баланы басқа аймаққа жіберу керек, өйткені тұратын жерінде балалар лагерлері жоқ деп шағымданады.

- Жоғарыда айтылғанға байланысты қандай білім беру-сауықтыру ұйымдары лицензиялаудан өтті және қызмет көрсетуге дайын екендігі туралы ақпарат беруді сұраймыз. Мектеп жанындағы лагерьлерді қоспағанда, өңірлерді балалар демалысы ұйымдарымен қамтамасыз ету бойынша талдау жүргізіп, өзекті ақпарат берілсін, – дейді депутат. 

Депутат балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында келесі шараларды қабылдауды ұсынды:

  1. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің, жұртшылықтың және ата-аналар қауымдастығының қатысуымен лицензиялау жүйесіне жатпайтын балалар лагерлеріне тұрақты тәуелсіз мониторинг енгізу.
  2. Балалардың лагерде демалуы кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін бақылаушы органдар басшылары мен лагерь иелерінің дербес жауапкершілігін белгілеу.
  3. Балалардың бос уақытын ұйымдастыруға бөлінетін бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз ету.