Жамбыл облысы Қордай ауданының прокуратурасы шетел азаматтарын олардың нақты тұрмайтын мекенжайларына жалған тіркеу деректерін анықтады.
Прокуратура мәліметінше, Қордай ауданының Қалғұты ауылындағы үйлердің біріне Өзбекстан Республикасының 12 азаматы тіркелгенімен, олар іс жүзінде Алматы қаласында тұрып, жұмыс істеген.
Осындай заңбұзушылықтар Сортөбе ауылында да анықталған.
Онда Қырғыз Республикасының 9 азаматы жалған тіркеуге қойылып, нақтысында басқа өңірлерде еңбек еткені белгілі болды.
Прокуратура мұндай схемалар көші-қон есебін бұрмалап, қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін екенін мәлімдеді.
Прокурорлық қадағалау актілері негізінде жалған тіркеулердің күші жойылып, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылған.
- Сонымен қатар прокуратураның үйлестіруімен шетелдік жұмыс күшін бірнеше рет заңсыз пайдаланғандарға қатысты қылмыстық жауапкершілік қолдану тәжірибесі енгізілген. Атап айтқанда, шетел азаматтарын заңсыз жұмысқа тартқаны үшін бұған дейін екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған дәмхана иесі 2025 жылғы желтоқсан мен 2026 жылғы қаңтарда тағы да осындай заңбұзушылыққа жол берген. Тексеру барысында оның шетел азаматтарын рұқсат құжаттарынсыз және еңбек қатынастарын рәсімдемей жұмысқа қабылдағаны анықталған, - деп жазды ведомстводан.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 395-бабы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, іс сотқа жолданған.
Сот үкімімен кінәлі тұлғаға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Қордай ауданының прокуратурасы көші-қон заңнамасын жүйелі түрде бұзатын тұлғаларға қатысты қылмыстық-құқықтық шаралар заңсыз көші-қонға қарсы күрестің тиімді тетігі екенін атап өтті.