Ауадан ақша жасамақ болған оралдық келіншек сүйіктісінің суретінен көл-көсір пайда табамын деп қолына сақина емес, кісен тақты. Ол жалаңаш суреттеріңді жұртқа таратып, әлеуметтік желіге жариялаймын деп жігітін қорқытқан екен. Осылайша ауызбастырық үшін "ғашығынан" 500 мың теңге талап еткен. Жігіт те қу екен, ақшаны ала ғой демей полицияға шағымданыпты. Бопсалаушы бикешті полиция дереу қолға түсірді. Махаббатын қылмыстық бапқа ауыстырып алған келіншектің стартапы осылай сәтсіз аяқталды. Енді ол 500 мың теңге үшін 7 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін.
АЛИМА ГАРИФУЛЛИНА, БҚО ПД АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ақша қаражаты мен заңға қайшы әрекеттердің дәлелі бар телефон тәркіленді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.