АҚШ Иранмен соғысқа небәрі 29 млрд доллар жұмсады, - АҚШ Қорғаныс Министрі

АҚШ Иранмен соғысқа небәрі 29 млрд доллар ақша жұмсады. Бұл -бюджет үшін болмашы қаражат. Сенаторлардың қыспағына Қорғаныс министрі Пит Хегсет осылай деп жауап берді. Ал, Трамп Қытайға ресми сапармен аттанды. АҚШ Президенті Си Цзиньпинді америкалық компаниялар үшін шекараны ашуға мәжбүрлеймін, - деді. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

АҚШ-тың Иранмен соғысқа жұмсаған ақшасы бүкіл бюджетті есепке алғанда тиын-тебен болып қалады. Пентагон алдын ала қорытындыны жариялады. Ал, Қорғаныс министрі Пит Хегсетті Конгресстің сенаторлары қоршауға алып, сұрақтың астында қалдырды. Дегенмен, Пит Хегсет еш мүдірмеді.

ПИТ ХЕГСЕТ, АҚШ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:

Біз қасиетті миссияны жүзеге асырып жатырмыз. 29 млрд доллар дегеніміз бюджет есебінде де, барлық атқарған жұмысты қорытындыласақ та түк емес. Президент Трамптың тапсырмасы бойынша, Иранға шабуылды жандандыру жоспары әзірленіп те қойды. Иран ядролық қару иеленбеуі керек. Соны естен шығармаған жөн.

Трамп 2017-і жылдан бері алғаш рет Қытайға ресми сапарға аттанды. Өзімен бірге, аты әлемге әйгілі кәсіпкерлерді де ертіп кетті. Бұл жолы Ирандағы соғыстан бастап, алдыңғы тариф мәселесі мен Тайваньнің жай-күйі талқыланбақ.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Си Цзиньпинь менің досым. Бірақ, Қытай нарығын америкалық тауарлар үшін ашуы тиіс. Бірінші болып, осы мәселені көтеремін. Бұл қадам Қытай экономикасын да қарыштап дамуына мүмкіндік ашады.

Бірақ, АҚШ Президенті хантавирустың ел аумағына кіргеніне еш алаңдамайтынын жеткізді. Трамптың айтуынша, бұл – уақытша құбылыс.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әлбетте, вирустың таралуын тоқтату оңай дүние емес. Бірақ, менің ойымша барлығы жақсы болады. Алаңдауға негіз жоқ. Әлем бірнеше жыл бойы қауіпті вирустармен күресіп келеді. Менің мүмкіндігім шектеулі. Қалағанымша шешім қабылдай алмаймын. Десе де, менің командамда өз ісінің мамандары жеткілікті.

Израиль әскері мен Палестина жеріне қоныс аударған Израиль тұрғындары жергілікті арабтардың мүрделерін жаппай қазып жатыр. Енді қайтыс болған жандарды көмуге де кедергі келтіріп жатыр. Бұл проблема БҰҰ тарапынан да қозғала бастады.