Арқалық қаласында терминал салу және әуежайдың ұшып-қону жолағын реконструкциялау жобасы прокуратура өзі бақылайтын болды.
Жобаны іске асыруға 20 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, оның 5,5 млрд теңгесі прокуратура органдарының заңсыз иемденілген активтерден мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен.
«Қайтарылған активтерді моноқаланың инфрақұрылымын жаңғыртуға және қашықтағы өңір үшін тұрақты әуе қатынасын қамтамасыз етуге бағыттау оларды қоғам мүддесі үшін тиімді пайдаланудың айқын мысалы болып саналады. Жобаны іске асыру Арқалық қаласының, Амангелді және Жангелді аудандарының тұрғындары үшін астана мен облыс орталығымен жедел әуе қатынасы мүмкіндігін қамтамасыз етуге, сонымен қатар моноқала экономикасының дамуына сәйкес келетін заманауи аэровокзал кешенін құруға мүмкіндік береді», – делінген прокуратура хабарламасында.
Қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылатын жобаны іске асыру барысы Қостанай облысы прокуратурасының бақылауында.