Қазіргі қазақстандық ғылым білім беру саласына инновациялар енгізіп, цифрлық технологияларды дамытып және қолайлы білім беру ортасын қалыптастырып жүрген зерттеушілердің арқасында дамып келеді. «Қазақстандық ғалымдарды білесіз бе?» айдарында философия докторы (PhD), Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің Үздіксіз білім беру институтының директоры Ғалия Саржанова туралы баяндаймыз.
2008 жылы Ғалия Саржанова Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Ағылшын және неміс тілі мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдады. 2016 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде болашақ педагогтердің білімін цифрландыру мәселелеріне арналған докторлық диссертациясын сәтті қорғады.
Еңбек жолын Buketov University-де доцент қызметінен бастаған. 2019-2025 жылдары шетел тілдерін оқыту теориясы мен әдістемесі кафедрасын басқарды. Ал 2025 жылдан бастап Үздіксіз білім беру институтының директоры қызметін атқарып келеді. Ғалым «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болған. Сондай-ақ Ұлыбританияда ғылыми тағылымдамадан өткен «500 ғалым» бағдарламасының қатысушысы.
Ғалия Саржанованың ғылыми қызметі білім беруді цифрландыру, педагогтердің цифрлық құзыреттерін дамыту және психологиялық тұрғыдан қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру бағыттарымен байланысты. Оның жетекшілігімен Шихэцзы университеті мен Эдинбург университетімен бірлескен халықаралық және отандық жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Зерттеулердің маңызды бағыттарының бірі – психологиялық тұрғыдан қауіпсіз білім беру ортасының модельдерін әзірлеуге арналған жоба. Жоба аясында білім алушыларға, ата-аналар мен педагогтерге арналған психологиялық әл-ауқат шкалалары әзірленіп, мазасыздық бұзылыстары бар адамдарға көмек көрсетуге арналған «Soulhaven» геймификацияланған платформасы жасалды.
Сонымен қатар «Smart-Lab» цифрлық құзыреттер орталығы мен «Hub for Wellbeing and Professional Development» орталығы ашылып, педагогтердің цифрлық құзыреттерін бағалаудың заманауи құралдары, соның ішінде «Digital_teacher.kz» платформасы енгізілді.
Ғалия Саржанованың ғылыми зерттеулерінің нәтижелері бүгінде Қарағанды облысы мен Қарағанды қаласының орта білім беру ұйымдарына енгізілген. Олар мектептегі күйзеліс деңгейін төмендетуге, педагогтердің кәсіби күйіп кетуінің алдын алуға, білім алушылардың оқу мотивациясын арттыруға және білім сапасын жақсартуға бағытталған.