Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге мемлекеттік сапармен келген Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алу рәсімі өтті.
Тәуелсіздік сарайының алдына келіп тоқтаған көліктен түскен мәртебелі мейманды Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Осыдан кейін әуеде жойғыш ұшақтар Түркияның мемлекеттік туын бояумен бейнеледі. Сарайға кірген Президенттер бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Осыдан кейін мәртебелі мейманның сапарына орай сап түзеген құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады.
Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді.
Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң Мемлекет басшылары құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Құрметті қарауыл бастығымен қоштасты.
Қазіргі уақытта Мемлекет басшылары екіжақты қарым-қатынастың қазіргі жағдайы мен болашағын талқылауға өтті. Сонымен қатар бүгін Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысы жоспарланған.