Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 8,8 пайызға өсіп, 5,4 миллиард доллардан асқан. Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-саттықты әрі қарай жандандыруға қолайлы жағдай жасап, алыс-берісті әртараптандырудың маңызына тоқталды.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Түркияға қазірдің өзінде 34 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта алады. Оның жалпы құны – 630 миллион доллардан асады.
Бұл ретте Мемлекет басшысы екі елдің қаржы орталықтары мен цифрлық сауда платформалары арасындағы серіктестіктің, сондай-ақ бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақ-түрік бизнес-форумының нәтижесі сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі тереңдете түсетініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркияның мәдени-гуманитарлық байланыстары жылдан жылға күшейіп келе жатқанын жеткізді.
-Атап айтқанда, 2023 жылы жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Газиантеп провинциясында Қазақстан бастамасымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектеп ашылды.
-Астанада және Алматыда «Маариф» қорының мектептерін ашу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
-Қазақстанның 14 мыңға жуық азаматы Түркияда оқиды, ал 260-қа жуық түрік студенті еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуда.
-Жақында Шымкент қаласындағы педагогикалық университеттің жанынан Түркиядағы Гази университетінің филиалы өз жұмысын бастады.
-Қазақстанның бірқатар аймағында туризм саласына маманданған түрік компаниялары табысты жұмыс істеп жатыр.
-Мемлекет басшысы бұл бағытта әлі де көптеген мүмкіндік бар екенін алға тартып, түрік бауырларымызды Қазақстанмен озық тәжірибесін бөлісуге, елімізге инвестиция салуға шақырды.
-Денсаулық сақтау саласындағы серіктестік те қарқынды дамып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның ірі фармацевтика алпауыттары - Abdi İbrahim және Nobel компаниялары Қазақстанда өндіріс желілерін іске қосқанын атап өтті.
-Көп ұзамай Orzax Group компаниясы Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар өндіретін зауыттың құрылысын бастайды.
-YDA Group Түркістан және Петропавл қалаларында көпбейінді ауруханалар салып жатыр.