Жұмыссыздық бойынша жәрдемақыны заңсыз алушылармен күрес күшейеді. Оның үстіне, әлеуметтік желі арқылы жәрдемақыны рәсімдеуге көмек беруді кәсіпке айналдырғандар да жазаланбақ. Ондай көмекке жүгінгендер де назардан тыс қалмайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрінің айтуынша, бұндай фактілер зейнетақы жинақтары арқылы тексеріледі.
ЕРБОЛ ТҰЯҚБАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Жұмыссыздық бойынша, оның мерзімін 4 айға қысқартып отырмыз. Неге десеңіз, бірінші мақсат, қоғамдағы жұмыспен байланысты масылдықты жою. Біздің ойымызша, екі қолы, екі аяғы бар азамат, әсіресе, жас ер азамат болса, ол жұмыс істеп, еңбек етуі керек. Бұл пандемия кезінде жеке кәсіпкерлер мен кәсіпорындар жабылып қалғанда енгізілген уақытша шара болатын. Соны біз қайтарып жатырмыз.
Оған қоса, мүгедектік бойынша жәрдемақы алушыларға да талап күшейеді. Себебі, бірнеше алаяқтық фактісі тіркелген. Ол істерді құқық қорғау органдары бақылауға алған. Дәлелденген жағдайда, мемлекет есебіне жәрдемақыны қайтару міндеттелмек.
ЕРБОЛ ТҰЯҚБАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Диагноздары бірдей бәрінің, анализдері де бірдей бәрінің. 170 адамда бірдей болмайды. Себебі бір ғана. Ауруханалармен және өзге мекемелермен өздеріне жәрдемақы алу мәселесі.