"Баламен мінгізбейді": такси жүргізушілеріне қатысты шағым көп

  • AstanaTV
  • 14 мамыр 2026

"Тапсырысты тоқтатып, кетіп қалады". Елімізде тақси қосымшасымен жұмыс істейтін жүргізушілерге қатысты шағым көбейген. Аналардан балаға арналған арнайы орындық талап ететін көрінеді.  Ал мұндай тарифпен көлік табу қиын әрі қосымша ақы төлеу керек екен.¤

Аналар үшін баламен такси шақыру мәселеге айналған. Жүргізушілер сәбилердің автоорындығы болмаса, жеткізуден бас тартатын көрінеді. Ал тапсырыс беру қосымшасында ол тариф бойынша баға қымбаттап, көлікті сағаттап күтуге тура келеді.

ДИЛЯРА ВЕДМЕДЕНКО, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жүргізуші келіп, егер  балалардың қауіпсіздік орындығы болмаса,   оған айыппұл салынуы мүмкін екенін айтты. Сөйтіп айыппұл тәуекелін өз мойныма алуға тура келді. Себебі бізге дәрігерге тезірек жету керек болды. Бір қолда баланың сөмкесі, бір қолда бала, тағы авто-орындық. Елестетіп көріңізші!  Егер талапқа сай көлік іздей берсем кешігемін, ал оны 90% жағдайда табу мүмкін емес.

Балалар тарифі кейде мүлдем шықпай қалатын көрінеді. Жаңбыр не қар жауған күндері де далада қалып қоятын кездер болады дейді аналар.

БЛИЦ:

- Үш баламен кетіп бара жатып, жолдан түсіріп кеткен моменттері де болды. +Отмена жасамайды, еще и «өзіңіз жасай салыңызшы» деп айтады.

- Комфорт тапсырыс берсем де, баламен алмаймыз деген. Басқасын шақырдым. Автобустың өзімен мұндай мәселе болмайды ғой.

- Біз негізінен баламен есіктен есікке дейін ыңғайлы жету үшін ғана + таксиге отырамыз ғой.

Такси жүргізушілері үшін арнайы орындықты  сатып алу- қосымша шығын. Ал онсыз бала мінгізсе, бірнеше күндік табысына тең айыппұл төлеуі мүмкін. Жүргізушілерді тіркейтін компания болса, әзірге шағымданған жолаушыларға автоорындықты өзімен алып жүруден басқа шешім ұсынбай отыр.

ЯНДЕКС ТАКСИ, БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, балаларды тасымалдау арнайы ұстау құрылғыларын қолдануды талап етеді және бұл талаптардың сақталуына жауапкершілік жүргізушіге жүктеледі. Яндекс Такси жүргізушілердің жұмыс берушісі болып табылмайды және көліктерге иелік етпейді. Сапарларды серіктес жүргізушілер орындайды. Егер сіз баламен болсаңыз, қосымшадағы «детское кресло» опциясын таңдаңыз. Біз бұған дейін жүргізушілер үшін балалар отырғышын сатып алғанбыз. Алайда жүргізушілерді әрдайым өзімен бірге алып жүруге міндеттей алмаймыз.

Аналарға қауіпсіз әрі тиімді тасымал тетігі қажет. Ал такси жүргізушілері  қажетті жабдыққа субсидия қарастырылмаса, мәселе шешілмейді дейді.