Мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстың жаңа платформасы – Парламент Қазақстан Халық Кеңесі туралы заңды мақұлдады

Билік пен бұқара арасындағы алтын көпірге айналатын жаңа институт құрылады. Парламент палаталарының бірлескен отырысында ел болашағы үшін маңызы зор "Қазақстан Халық Кеңесі туралы" конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. 

Парламент бірінші оқылымда мақұлдаған "Қазақстан Халық Кеңесі туралы" конституциялық заң жобасы құрғақ есеп пен қолпаштаудың емес, шынайы саяси тартыстың алаңына айналғалы тұр. Билік бұл жолы мемлекеттік аппараттың функцияларын қайталамайтын, бірақ олардың жұмысын бақылауда ұстайтын жаңа институт ұсынды. Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев бұл институттың мемлекеттік органдарды алмастырмайтынын, тек ішкі саясаттың қыл тамырын басып отыратын консультативтік орган екенін шегелеп айтты.

ЕРЛАН СӘРСЕМБАЕВ, ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ:

Конституциялық заң жобасы халық мүдделерін білдіруді қамтамасыз етуге және қоғамның мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысу тетіктерін дамытуға бағытталған – жаңа конституциялық институтты заңнамалық тұрғыда бекітуді көздейді. Конституциялық заң жобасында Қазақстан Халық Кеңесінің жоғары конституциялық консультативтік орган ретінде құқықтық мәртебесі айқындалады.

Жаңа орган қолданыстағы мемлекеттік құрылымдардың жұмысын қайталамайды. Мұнда "бармақ басты, көз қыстыға" жол жоқ. Кеңес құрамы бұрын айтылғандай 42 емес, жалпы 126 адамнан, қоғамның барлық негізгі топтарынан тең дәрежеде қалыптасады. Оларға қойылатын талап та қатаң. Қоғамдық жұмыста тәжірибесі мен мінсіз абыройы болуы шарт. Мемлекеттік органдар Кеңестің ұсыныстарын қарауға міндетті. 

ЕРЛАН САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ең негізгі атқарушы органы ол - Сессия. Сессия жылына бір рет шақырылады және ол Халық кеңесі төрағасының шешімі бойынша ол бір реттен де көп шақырылуы мүмкін. Осы Сессияның аясында бүкіл Халық кеңесінің шешімдері, оның ішінде, Құрылтайға заң ұсыну мәселесі Қазақстанда референдумға бастамашы болу мәселесі, сонымен бірге Қазақстанның ішкі саясатының аспектілерінің барлығы сол сессияда қаралатын болады.

Халық Кеңесіне мүше болу – майлы шелпектен үміткер болу емес. Мұндағы 126 мүшенің қалтасына қазынадан бір теңге де төленбейді. Ал кеңес Төрағасын Президент ұсынғанымен, оны мүшелердің өздері дауыс беріп сайлайды. Төрағаға кең өкілеттік беріледі, ол аппаратты басқарып, маңызды құжаттарға қол қояды. Заң күшіне енсе, қолданыстағы "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" Заңның күші жойылады.

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұның жауапкершілігі өте жоғары деп санаймын. Олар 4 жыл қызметке келеді. Және де қандай да бір кемінде бір жиналатын болады. Қажет болған жағдайда бұл жиі де болуы мүмкін консультативті кеңестері, комитеттік отырыстары бұдан да жиі болуы мүмкін. Бұдан бөлек қандай да бір азамат 1 жыл немесе 2 жыл қызмет етіп оның құрамынан кететін болса, келесі адам оның орнына қызметке келсе, ол ары қарай толық қанды 4 жыл емес, қанша уақыт қалды алдыңғы шақырылымнан сонша уақыт қана қызметке отырады.

Алайда, қоғам белсенділері мен кейбір депутаттар бұл кеңестің кезекті бір «дөңгелек үстел» немесе шенеуніктердің ығына жығылатын «жалтақ органға» айналып кетпеуін талап етіп отыр. Депутат Мұрат Әбенов жаңа құрылымның құқықтық пәрмені қанжардай өткір болуы тиіс деп есептейді.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Заң шығарушы ол кәсіби Парламент. Ол заңгерлер болуы керек заң жазатын. Ал енді 126 адам Халық кеңесі болатын болса, 126 адам ол Ұлттық әртүрлі ассоцациялар, ол жаңағы қоғамдық кеңестің өкілдері және белсенді қоғамдық ұйымдардың өкілдері. Олар әркезде осындай дискуссия жасап, мәселені бір жағына шығаруға немесе ұсыныс беруге мүмкіншіліктері болады. 

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

"Қазақстан Халық Кеңесі туралы" конституциялық заң жобасымен бірге депутаттар Астана мәртебесі мен әкімшілік-аумақтық құрылысқа қатысты тағы екі маңызды құжатты бірінші оқылымда мақұлдады. Дегенмен, саяси сахнаға Халық Кеңесінің шығуы билік тек өз ішінде ғана емес, халықпен бірлесе шешім қабылдауға дайын екенін көрсетті. Бұл кеңес құрғақ уәде мен есеп берудің алаңы емес, нақты істің тетігіне айнала ма? Оны уақыт пен алдағы төрт жылдық өкілеттік мерзім көрсетеді.