Мобильді қабылдау басталғалы «AMANAT» партиясына 100-ден астам елорда тұрғыны өз мәселесімен жүгінген

  • AstanaTV
  • 15 мамыр 2026

«AMANAT» партиясының көшпелі қоғамдық қабылдауы басталғалы 100-ден астам елорда тұрғыны өз мәселесімен жүгініп, 50-ге жуығы ресми өтініш қалдырған. Өзге азаматтар мамандардан кеңес алып, сұрағына жауап тапқан. Халық пен билік арасындағы байланысты нығайтатын іс-шара Астанадағы ірі сауда үйлерінің бірінде жалғасты. Жиынның  ерекшелігі - тұрғындар әкімдік пен басқармаларды жағалап уақыт жоғалтпайды. Орталыққа жиналған жұртшылық тұрғын үй, білім беру, денсаулық сақтау және жол инфрақұрылымына қатысты сұрақтарын аудан әкімдігі мен қалалық басқарма басшыларына тікелей қоюға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, алаңда Зейнетақы қоры мен полиция департаментінің өкілдері және «Қарызсыз қоғам» жобасының білікті заңгерлері де жұмыс істеп, халықтың өткір мәселелерін «бір терезе» қағидатымен шешуге атсалысты.

МҰХАММЕД БОЛЫСБЕК, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Кез келген Астана қаласының тұрғыны осы қоғамдық қабылдауға келіп, сұрақтарын көтеру арқылы шешімін осы жерде алып, егер оның сұрағы көп мерзімді, ұзақ мерзімді шешілуді қажет ететін болса, онда өтініштерін осы жерге жазып қалдыра алады, оны ары қарай біздің заңгерлер, осы қызметкерлер сүйемелдейтін болады.