Батыс Қазақстан облысы интернет желісімен 90% қамтылған

Батыс Қазақстан облысы интернет желісімен 90% қамтылған. Қазір өңірдің барлық ауылында дерлік ұялы байланыс ұстайды. Ендігі мақсат - Мемлекет басшысының цифрландыру жылына қатысты тапсырмасы ізімен сапаны одан әрі жақсартып, интернеттің жылдамдығын арттыру. Бұл мәселе Байланыс қызметкерлері күні қарсаңында кеңінен талқыға түсті.  

«Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы аясында ауылдармен қатар, республикалық автокөлік жолдары да мобильді интернетке қосылып жатыр. Тек соңғы екі жылда телекоммуникация саласына 10 млрд теңгедей инвестиция тартылған.

НҰРҒИСА КАМАШЕВ, БҚО ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бүгінгі күні 4G стандартынан 5G стандартына көштік. Біздің өңірде былтырғы жылдың көрсеткішіне сәйкес, қаламыздың өзінде де қазір 77 базалық станса жаңартылып, 5G стандартына қосылды. Қосымша биыл 19, барлығын қосқанда 5G стандартына көшу жоспарымызда бар. Биыл 19-ы салынады оның. Бұрын 3G стандартында жұмыстанатын болсақ, биыл оның бәрі 5G стандартына көшті.

Мемлекет басшысы шекара және кеден бекеттерінде сапалы интернет жоқтығын ескертіп, мұны тез түзетуді тапсырған еді. Осы тапсырма ізімен Сырым және Тасқала өткізу бекеттері мобильді интернетпен қамтылды. Енді Ақсай автокөлік өткізу пунктіне базалық станса орнату жоспарланған.

ЖАЛҒАС ҒҰМАРОВ, БҚО ӘКІМІ АППАРАТЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Енді алдағы тұрған мақсат - тұрғындардың барлық қызметке деген қолжетімділігі, алыс қашықтыққа қарамастан, бір-бірін байланыстыруға деген, инфрақұрылымды жақсартуға деген, байланысты нығайтуға күш салып жатқан жайымыз бар. Бұл саланың өзінің қиындықтары бар. Оған қарамастан, өңір басшысының қолдауы бар, министрліктің қолдауымен алға қойған мақсаттарды, барлығын орындайтын боламыз.

Аймақта байланыс сапасын бақылау күшейтілген. Биыл жоспардан тыс тексерістер жүргізіліп, олақ операторларға 25 млн теңге айыппұл салынды. Осылайша алыстағы ауылдар да цифрлық теңсіздіктен кедергісіз байланысқа көшті.