Алматы облысында полицей өз әйелін қызметтік көлігімен қағып кеткен

Фото: pixabay

Алматы облысы Балқаш ауданында аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасарының қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қайғылы жағдай 16 мамыр күні Қонаев – Бақанас автожолының 84-шақырымында болған.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қызметтік Hyundai Elantra көлігін тізгіндеген полиция қызметкері көлік ішінде жұбайымен бірге болған. Оқиға алдында ерлі-зайыптылар арасында жанжал болғаны айтылған.

Тергеу деректеріне сай, әйел адам жол үстінде отырған кезде жүргізуші оны байқамай қалып, соқтығысқа жол берген. Алған жарақаттар салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмды.

Оқиға орнына полиция және прокуратура өкілдері бар жедел-тергеу тобы шықты. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша тіркелген. Қызметтік көліктің жол парағы негізінде пайдаланылғаны анықталды.

Тергеу нәтижелері бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.