Ақтөбеде интернет-алаяқтардың құрбаны бола жаздаған 2 әйел құтқарылды

Бас прокуратура

Ақтөбе облысының прокуратурасы облыстық Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп интернет-алаяқтықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.

2026 жылғы мамыр айында екінші деңгейлі банктермен өзара іс-қимыл нәтижесінде заңсыз банктік несиелерді рәсімдеудің екі фактісінің жолы кесілді.

Атап айтқанда, 4 мамыр күні облыс прокуратурасына Halyk Bank менеджерінен 2 млн теңге көлемінде несие рәсімдеп жатқан клиент туралы ақпарат түскен. Банк қызметкерлеріне әйел адамның мінез-құлқы күдік тудырып, оның өзін банк қызметкері ретінде таныстырған белгісіз тұлғамен қатар хат алмасып отырғаны байқалған.

Хабарламаға прокуратура мен киберполиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, азаматша полиция органдарына жеткізілді. Тексеру барысында оның интернет-алаяқтардың психологиялық ықпалында болғаны анықталды.

Қырағылық танытқан банк қызметкері облыс прокурорының грамотасымен марапатталды.

Келесі күні осындай жағдай Kaspi Bank бөлімшесінде тіркелді. Онда әйел адам 2 млн теңге көлемінде несие рәсімдеуге әрекеттенген. Сонымен қатар депозиттегі қаражатын шешіп алмақ болғаны банк менеджерлерінің күдігін туғызған.

Банк қызметкерлері бұл туралы дереу полицияға хабарлап, жедел әрекет нәтижесінде ықтимал алаяқтықтың жолы кесілді. Аталған банк қызметкерлері де прокуратура басшылығы тарапынан көтермеленді.

Ақтөбе облысының прокуратурасы азаматтарды қаржылық қауіпсіздік талаптарын сақтауға, растау кодтарын және банк карталарының деректерін бөгде адамдарға бермеуге, сондай-ақ өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстыратын белгісіз тұлғалардың нұсқауларын орындамауға шақырды.