Дәрі-дәрмек өндірісі 191 млрд теңгеден асты

Фото: BAQ.KZ

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, былтыр елдегі фармацевтикалық өнім өндірісі 8,7 пайызға өскен.

Қазақстан нарығындағы отандық дәрі-дәрмектің үлесі 40 пайызға жуықтады.

Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылғы фармацевтика саласының даму қорытындысын жариялады. Ведомство мәліметінше, қазақстандық өндірушілердің табиғи көлемдегі үлесі 39,8 пайызға жеткен. Ал өткен жылғы өндіріс көлемі 191 млрд теңгеден асқан.

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовелдегі фармацевтикалық өнім өндірісі алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,7 пайызға өскенін айтты.

Сонымен қатар салаға тартылған инвестиция көлемі 142,8 млн долларға жеткен. Ал фармацевтикалық өнім экспорты 84 млн долларға дейін ұлғайған.

Қазіргі таңда елімізде 209 отандық тауар өндіруші тіркелген. Оның ішінде 43-і дәрі-дәрмек өндіруші болса, 166-сы медициналық бұйым шығарады. Қазақстандық өндірушілердің табиғи көлемдегі үлесі 39,8 пайызға жетті. Мұны дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесінің деректері де растап отыр, – деді Тимур Мұратов.

Вице-министрдің айтуынша, саланы қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі – ұзақмерзімді келісімшарттар мен инвестициялық келісімдер.

2026 жылдың басындағы жағдай бойынша 31 қазақстандық өндірушімен 2 мыңнан астам дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымды жеткізуге арналған 83 ұзақмерзімді келісімшарт жасалған.

Ал 2025 жылдың желтоқсан айынан бері жалпы көлемі 360 млрд теңгеге жететін жеті инвестициялық келісімге қол қойылған.