Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов авиация саласын дамыту және халықаралық әуе қатынасын кеңейту еліміздің одан әрі экономикалық өсуі үшін маңызды жағдай болып отырғанын атап өтті.
- Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) стратегиялық жоспарына сәйкес, 2050 жылға қарай жолаушылар саны жылына 12 миллиардтан асады, ал коммерциялық ұшақтардың әлемдік паркі 2034-ші жылға қарай екі есеге артады. Мұндай жағдайда біз әлемдік авиацияның жаһандық жүйесіне ене отырып, өз орнымызды иеленуіміз керек. Жаңа халықаралық бағыттарды, атап айтқанда Еуропалық одақ елдері мен АҚШ-қа рейстер ашу жұмысын жеделдету қажет. Бұл ретте, билет бағасы бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Әсіресе, Астанадан ұшатын халықаралық әуе бағыттарына ерекше назар аударған жөн, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар халықаралық маршруттық желіні кеңейтуге баса назар аударылды.
Осыған орай Көлік министрлігіне Air Astana компаниясымен бірге осы жылдың соңына дейін елордамыздан Токио мен Нью-Йоркке, ал 2027 жылы – Астанадан Лондон, Париж, Рим, Вена сияқты Еуропа елдерінің астаналары мен басқа да қалаларына тікелей әуе қатынастарын ашу тапсырылды.
- Инвесторлар мен туристерді тартамыз десек, бұл – өте маңызды мәселе, — деп атап өтті Премьер-министр.