Мешітте атыс болып, бес адам қаза тапты

Фото: Reuters

АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Диего қаласында орналасқан Ислам орталығында атыс болып, бес адам көз жұмды.

Қайғылы оқиға 18 мамыр күні жергілікті уақытпен шамамен сағат 11:40-та болған. Полиция оқиға орнына жедел жетіп, жағдайдың бақылауға алынғанын мәлімдеді.

Сан-Диего полициясының басшысы Скотт Уолдың айтуынша, шабуыл салдарынан үш ер адам қаза тапқан. Олардың арасында Ислам орталығының күзет қызметкері де бар. Кейінірек күдікті екі адамның мәйіті оқиға орнынан бірнеше квартал жерден көліктің ішінен табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, олар өздеріне қол жұмсаған.

Сондай-ақ бірнеше адам түрлі деңгейдегі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.

Полицияның мәліметінше, күдіктілер – 17 және 19 жастағы екі жас жігіт. Қазіргі уақытта олардың жеке басы мен шабуыл жасау себептері анықталып жатыр. Тергеушілер оқиғаны діни өшпенділік негізінде жасалған қылмыс болуы мүмкін деген нұсқамен қарастыруда.

Атыс Сан-Диего қаласының солтүстігіндегі Ислам орталығы аумағында болған. Кешен құрамында мешітпен қатар мектеп те орналасқан. Оқиға кезінде ғимарат ішінде балалар болған. Алайда олардың барлығы қауіпсіз жерге эвакуацияланып, зардап шекпеген.

Мектепте араб тілі, исламтану және Құран оқу сабақтары жүргізілгені хабарланды.

Оқиғадан кейін аудан қоршауға алынып, бірнеше көше жабылған. Тергеуге АҚШ Федералдық тергеу бюросы (ФБР) да қосылды.

Сан-Диегодағы атыстан кейін Нью-Йорк, Вашингтон және Лос-Анджелес қалаларының полиция департаменттері мешіттер мен өзге де діни нысандар маңындағы қауіпсіздік шараларын күшейтетінін мәлімдеді.