«Алтын Орда жылнамасы – адамзатқа ортақ тарих» - Президент

Фото: Ақорда

Бүгінгі симпозиум Алтын Орда мен Ұлы дала тарихын зерделейтін түрлі мектеп өкілдерінің басын қосты. Бұл туралы жиында Мемлекет басшысы айтты.

- Ұзақ жылдар бойы осы іргелі тақырыпты індете зерттеген ресейлік ғалымдардың рөлін атап өткен әділетті болар еді. Олар Алтын Орданың тыныс-тіршілігін жан-жақты сипаттайтын ғылымның мол қорын жинады. Сонымен қатар Алтын Орда тақырыбы бір ғана мемлекеттің шеңберінде шектеліп қалмай, Қытай, Моңғолия, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Жапония, Қырғызстан, Өзбекстан, Мысыр және бірқатар Еуропа елдері зерттеушілерінің назарын аударып, бүкіл әлемді шарлап кетті десек болады. Түптеп келгенде, Алтын Орда жылнамасы – адамзатқа ортақ тарих, – дейді Мемлекет басшысы.

Президень бірегей симпозиум әлемдік ауқымдағы мұраны жүйелі зерттеу жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Ол үшін ғалымдар мен сарапшылар елеулі үлес қосып келеді.

- Өкінішке қарай, әлемдік маңызы бар ірі тарихи оқиғаларды бұрмалаған мысалдар қазір де кездеседі. Геосаяси ахуал құбылып тұрған бүгінгідей заманда соғыстардың қасіретті хронологиясына байланып қалмай, адамзат тарихындағы жасампаз кезеңдер мен диалог алаңдарының нәтижелі сәттеріне мән берген жөн. Әлбетте, бұл оңай міндет емес. Себебі тарлан тарихтың бағзы дәуірлерден бастап қазіргі дейінгі шежіресінде соғыстар мен қарулы қақтығыстар өте көп кездеседі. Мұндай көріністің қалыптасуы да түсінікті: бейбіт күндегі күйбең тіршілікті сипаттағаннан гөрі қан майдандағы бітіспес ұрыстарды жазған әлдеқайда жеңіл. Айтпақшы, Лев Толстойдың атақты «Соғыс және бейбітшілік» романы – бейбітшілікті емес, соғысты егжей-тегжейлі суреттеген шығарма. Әлемдік қоғамдастық тарихи жолайрықта тұр. Өркениетті таңдау алдындағы сындарлы сәтте ортақ тарихымызды халықтарды біріктіретін фактор ретінде ұсыну үшін беделді, кәсіби ғалымдардың күшін бір арнаға тоғыстырған дұрыс, – дейді Президент.