Ясауи хикметтері – Ұлы даланың мәдени коды

Фото: Ақорда

Алтын Орда феноменін мыңдаған жыл бойы Еуразия жүрегінде қалыптасқан бай интеллектуалдық кеңістіктен бөліп қарай алмаймыз. Орта ғасырларда Ұлы дала озық идеяларды ұсынған әлемдік орталықтардың біріне айналғаны мәлім. Бұл туралы жиынға қатысқан Мемлекет басшысы айтты. 

Орталық Еуразиядағы көшпелілер тіршілігінен, түркі-моңғол мұраларынан, ислам дәстүрлерінен және христиан қауымдастығына жататын халықтардың дүниетанымдық қағидаттарынан нәр алған ақыл-ойдың құнарлы топырақта қанат жаюы заңды еді.

Бұл идеялар эволюциясы үздіксіз жүрген кезең еді. Әр ғасыр Ұлы даланың ақыл-ой кенін байытып, жаңа құндылықпен толықтырып отырды.

- Осы терең сабақтастықты түйсінбей, Алтын Орданың өркендеу сырын объективті бағалау қиын. Әлбетте, бұл орайда Алтын Орданың негізі қаланғанға дейінгі кезеңдерде өмір сүрген әйгілі ойшылдардың ғылыми, философиялық, әдеби мұраларының мән-маңызы зор. Ең алдымен, тарихта Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атымен мәлім әлемдік философияның негізін қалаушылардың бірі – Әбу Насыр әл-Фарабидің орны ерекше. Ол «Қайырымды қала тұрғындары» трактатында әділдіктен айнымау, білімге құштарлық және адамгершілік қасиеттерді шыңдау арқылы баршаға бірдей игілікке қол жеткізуге болатынын жан-жақты айтқан. Оның ойлары түрік, мұсылман әлеміндегі кейінгі саяси-философиялық дәстүрлерді түсінуге маңызды бағдар болды, – деді Президент.

Сондай-ақ Ұлы даланың зияткерлік мұрасында ғұлама Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы дараланып көрінеді. Ол жалпыға ортақ мұсылман құндылықтары мен жергілікті рухани дәстүрлерді үйлестірген «түркілік исламның» бастауында тұрды.

- Шын мәнінде, ол Ұлы дала халықтарына қазіргі дүниетанымымыздың өзегіне айналған мүлдем жаңа идеологиялық доктрина ұсынды. Ясауи хикметтері – Ұлы даланың мәдени коды. Ал ғұламаның Түркістандағы кесенесі – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген нысан. Түркістан шаһары ғасырлар бойы өңірдің басты рухани және саяси орталығы болды. Қазіргі таңда ол түркі дүниесінің қасиетті қарашаңырағы саналады, – деді Мемелекет басшысы.