Алатау қаласында алғашқы аэротакси сынақтан өтті

  • AstanaTV
  • 19 мамыр 2026

Алатау қаласында  алғашқы аэротакси сынақтан өтті.  Пилотсыз көлік  жолаушы тасымалына арналған. Бірыңғай әуе желісі Alatau City, Алматы қаласын және Алматы облысының негізгі туристік орындарын байланыстырмақ. Мысалы, Алматы әуежайынан Медеу биік таулы курортына дейін небары 10-12 минутты ұшып бара алады.

ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:

Жолаушы таситын  аэротакси бір қарағанда тікұшаққа ұқсайды. Алайда бұл әуе көлігі аспанға артық шусыз және пилотсыз көтеріледі. Ішіне 5-6 адам сияды.

Әуе көлігі толықтай электр қуатымен жұмыс істейді. Жоба авторының айтуынша, аэротакси бір рет қуатталғаннан кейін 250 шақырымға дейін ұша алады. Ал құрылғының қуаты небәрі бір сағаттың ішінде 100 пайызға толады. Аппарат 120 метрден астам биікке дейін көтеріліп, ең жоғары жылдамдығы сағатына 200 шақырымға дейін жетеді.

КЕЛЛЕН СЕ, AUTOFLIGHT КОМПАНИЯСЫНЫҢ БІРІНШІ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазір біз арнайы  адам тасуға арналған моделін шығарып жатырмыз. Бұл әуе көлігі 400-ден 500келіге дейін жүк көтере алады. Ұшақтарымыздың ұшып-қонуына арнайы жабдықталған жердің де керегі жоқ. Тек кемінде 30 шаршы метр бос кеңістік болса жеткілікті.

Аппараттың  такси түрінде ғана емес жүк тасымалдау құралы ретінде де пайдаланатын түрі бар.  Дрон 2 жарым келі салмақтағы жүкті көтере алады. Компания өкілінің айтуынша, елімізге қай қызмет түрі тиімді болса, соған сай ұшу аппаратын қолданысқа енгізбек.

ДАСТАН ЗАЙНОЛДА, ALATAU ADVANCE AIR GROUP LTD КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

2028 жылдың соңынан бастап бұл аппараттар сатыла бастайды. Келесі жылы бұл аппараттар негізі әлемдік үлкен организациялардан, ұйымдардан сертификатталады деп жоспарлап отырмыз. Одан кейін  коммерциялық негізде ұшуға болады.  Әрине біз жолаушы тасымалдауды жоспарлап отырмыз, өйткені өздеріңіз білесіздер Алатау және де Алматы облысы және де Алматы қаласына өте қажет.

Аэротакси қауіпсіздік шараларын да сақтап, құлап кетудің алдын алады. Себебі қуат көзі 30 пайызға жеткенде аппарат ұшуын тоқтатады.