Астанада 2027 жылы бокстан әлем чемпионаты өтеді

Фото: gov.kz

World Boxing халықаралық ұйымының өкілдері ресми сапармен Астанаға келді.

Делегация құрамында World Boxing ұйымның бас хатшысы Том Дилен мен Спорт және жарыстар өткізу департаментінің директоры Афшин Панджализаде болды. Том Дилен үшін бұл – қызметке тағайындалғалы Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары.

Сапардың басты мақсаты - бокстан 2027 жылғы әлем чемпионаты іріктеу турниріне дайындық барысымен танысу, сондай-ақ, ұйымдастыру және инфрақұрылымдық мәселелерді талқылау болды.

Халықаралық федерация өкілдері Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінде алдағы әлем біріншілігіне дайындық бойынша бірлескен жұмысты үйлестіру мәселесіне арналған кездесу өткізді. Кездесуге World Boxing және Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин, сондай-ақ, Қазақстан бокс федерациясының басшысы Шахмұрат Мүтәліп қатысты.

Сонымен қатар делегация 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізу жоспарланып отырған негізгі нысан - «Барыс Арена» көпфункционалды кешенін аралап көрді. World Boxing өкілдері аренаның техникалық мүмкіндіктерімен, көрермен сыйымдылығымен, спортшыларға, төрешілерге және жаттығу залдарына арналған аймақтардың орналасуымен танысты. Бұдан бөлек, көрерменге арналған инфрақұрылым, логистика және БАҚ өкілдерінің жұмыс істеу жағдайы да назардан тыс қалмады.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастықтың нәтижелі екенін атап өтіп, Астананың әлем чемпионатын жоғары деңгейде өткізуге толық дайын болатынына сенім білдірді.

Айта кетейік, 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына іріктеу жүйесіне сәйкес, 2027 жылғы әлем чемпионаты Олимпиада жолдамалары сарапқа салынатын алғашқы лицензиялық турнир болмақ.