Елімізде Қазақстан Халық Кеңесі құрылады – Парламент жаңа конституциялық заңды қабылдады

Фото: parlam.kz

Парламент палаталардың бірлескен отырысында екінші оқылымда «Қазақстан Халық кеңесі туралы» Конституциялық заңды қабылдады. 

Жаңа заң Қазақстан Халық кеңесінің құқықтық мәртебесін Жоғары Конституциялық консультативтік орган ретінде бекітеді. Бұл институт мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға қоғамның қатысуын кеңейтіп, халық мүддесін білдіретін маңызды алаң ретінде жұмыс істемек.

Заңға сәйкес, Қазақстан Халық кеңесі ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеуге, Құрылтай қарауына заң жобаларын енгізуге және жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтеруге құқылы болады. Сонымен қатар жаңа құрылым мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы тұрақты диалогты қамтамасыз ету міндетін атқарады.

Құжатта Қазақстан Халық кеңесіне Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ұйымдастыру және өткізу функциясын беру де қарастырылған.

Заң аясында қоғамдық институттардың кең ауқымды өкілдігі көзделіп отыр. Атап айтқанда, этномәдени бірлестіктерден, қоғамдық ұйымдар мен коммерциялық емес сектордан, сондай-ақ мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден теңгерімді түрде өкілдер енгізіледі. Әр бағыттан 42 адамнан қатысады. Кеңес мүшелеріне қойылатын талаптар, олардың құқықтары мен міндеттері заң аясында жеке реттеледі.

Сонымен қатар, құжат Қазақстан Халық кеңесінің нақты ұйымдастырушылық моделін айқындайды. Кеңестің жоғарғы органы негізгі шешімдер қабылдайтын Сессия болады. Белгілі бір бағыттарды жан-жақты қарау үшін тұрақты және уақытша комитеттер, салалық комиссиялар мен жұмыс топтарын құру жоспарланған.

Ал Қазақстан Халық кеңесінің қызметін ұйымдастырушылық және талдамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін мемлекеттік орган мәртебесіндегі Хатшылық құрылмақ.

Жаңа заң қоғамның түрлі топтарының мемлекеттік басқару процесіне қатысуын кеңейтіп, азаматтық қоғам институттарының рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.