Биыл 215 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді. Олардың мектеп бітіру кешін мейрамханада атап өтуіне тыйым салынды.
Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы мен қаулысына сәйкес, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынады. Ата-аналардан, заңды өкілдерден және білім алушылардан салтанатты іс-шараларға байланысты ақша жинауға, сыйлықтар мен өзге де материалдық құндылықтар талап етуге жол берілмейді. Ал аттестаттар мен дипломдарды салтанатты табыстау рәсімдері тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады.
Бірлескен бұйрық білім алушылар арасында мектеп бітіру іс-шараларын өткізу кезіндегі қауіпсіздік пен қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» идеологиясын нығайтуды көздейді.