Қазақстан мен Кения арасындағы сауда көлемі былтыр 52,21 млн АҚШ долларына жетті. 1993 жылдан басталған келіссөздер мен байланыстар бүгінде тек мемлекетарылық емес, Орталық Азия мен Африка арасындағы дәнекері іспетті. Ал Найробиде елшілік ашу қос елдің дипломатиялық қатынасының одан әрі ілгерілеп жатқанын байқатады. Кения Республикасы Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары жайлы Сержан Айтжан айтады...
Қазақ дастарханынан үзілмейтін шайдың негізгі жеткізушілерінің бірі – Кения. Импортталатын өнімнің шамамен 40%-ы осы елге тиесілі, Алайда Африканың жүрегі саналатын Найроби бүгінде тек шай экспорттайтын қала емес, халықаралық саясаттың да маңызды алаңына айналған. Мұнда БҰҰ-ның бірқатар құрылымы тұрақты жұмыс істейді. Ал бұл экспорт пен импорт қана емес, дипломатияның да өзегі екенін аңғартады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл мемлекеттеріміздің арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екеніңізді көрсетеді. Кения – Африкадағы өте маңызды серіктесіміз. Сіздің еліңіз құрлықта саяси және экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келеді. Көптеген бағытта ықпалдастығымызды кеңейтудің тың мүмкіндіктері бар. Біз бұған қуаныштымыз. Оны табысты түрде ілгерілете алатынымызға сенімдімін.
Қос ел арасындағы сауда байланысы жылдан жылға артып келеді. 2024 жылы тауар айналымы 42,4 млн АҚШ доллары болды. Ал былтыр 52,21 млн АҚШ долларына дейін өсті. Экспорт – 1 мың доллар, импорт – 52,2 млн долларға жеткен. Қазақстан негізінен күкіртті, электрлік шамалар мен сәулеленуді өлшеуге және бақылауға арналған құрылғылар, автоматты түрде реттеу мен басқаруға арналған құрылғыларды экспорттайды. Ал Кениядан шай, кесілген гүлдер мен гүл бүршіктерін, зімбір, шафран, куркума сынды дәмдеуіштер мен тұқым аламыз.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Кения – Африканың қарқынды дамып келе жатқан және озық елдерінің бірі. Географиялық тұрғыдан елдеріміз алшақ орналасса да, бізді жаңғыруға деген ұмтылыс пен болашаққа сенімді көзқарас біріктіреді. Қазақстан Еуразия жүрегінде орын тепкен, ал Кения Шығыс Африканың экономикалық орталығы саналады. Бұл екіжақты серіктестікті кеңейту тұрғысынан айрықша мәнге ие. Біз нарықтарды және көлік бағдарларын байланыстырып, инвестициялар мен тың мүмкіндіктерге жол ашу арқылы Орталық Азия мен Африка арасына дәнекер бола аламыз.
Мемлекет басшысы Уильям Рутоның екі ел арасындағы еңбегіне де ерекше тоқталды. Кенияны экономикалық тұрғыдан өркендетуге, елді жаңғыртуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды реформаларын да атап өтті. Сонымен бірге, Кения Президентіне І дәрежелі «Достық» орденін тапсырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан мен Кения арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқаныңызды ескере отырып, Сізге І дәрежелі «Достық» орденін тапсыруды зор мәртебе санаймын. Бұл жоғары марапат – Қазақстанның шексіз құрметі мен ризашылығының, сенім мен өзара құрметке негізделген қарым-қатынасты жандандыру ниетінің белгісі.
Тараптар туризм, жасанды интелект, ғарыш, тау кен, қаржы салалары бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келісті. Сондай-ақ отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Африка нарығына ұсыну жайы да сөз болды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Осы мақсатпен Момбаса портын пайдалану мәселесін қарастырдық. Бұл – осы аймақтың сегіз мемлекетіне жол ашатын Шығыс Африкадағы ең ірі логистика орталығының бірі. Бүгінде Қазақстан нарығында Кенияның бірқатар тауары, соның ішінде шәй және кофе өнімдері бар. Мұны екі ел арасында орныққан тұрақты сауда қатынасының көрінісі деуге болады. Сонымен қатар біз Кения өнімдерін Қазақстан арқылы Еуразия елдеріне жеткізу мәселесін талқыладық.
Қазақстан мен Кения арасындағы байланыстар енді сан саланы қамтитыны анық. Шикізат түрлерін көбейтіп, жаңа нарыққа тауар ұсыну да қарқын алады. Ғарышқа жол салып, туризм де тың тетіктермен толығады.