Парламент 6 бірдей маңызды Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады

Елімізде Бір палаталы Құрылтай құрылып, Вице-Президент лауазымы енгізіледі. Парламент ел өмірін түбегейлі өзгертетін 6 бірдей маңызды Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады. Енді билік енді бір қолда шоғырланбайды, өкілеттіктер қайта бөлінеді.

¤Жаңа заң бойынша Президент мемлекеттің мызғымастығы мен халық бірлігінің кепілі болып қала береді. Алайда, оның кадрлық тағайындаулар жасау құқығы айтарлықтай шектелді. Мемлекет басшысы бұдан былай Вице-Президентті, Премьер-Министрді, Жоғарғы сот судьяларын және Конституциялық соттың 10 судьясын өз бетінше тағайындай алмайды. Бұл үшін жаңадан құрылған заң шығарушы орган, яғни, Құрылтайдың тікелей келісімі керек.

ҮНЗИЛА ШАПАҚ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Заң жобасы 8тараудан және 43 баптан тұрады. Және қолданыстағы конституциялық заңмен белгіленген құқықтық реттеудің негізгі қағидаттардың мирастық сабақтастығын сақтап қалды. Сонымен қатар Заң жобасы 2026 жылғы Конституциядағы ережелерге бейімдеуден және жаңа мемлекеттік билік институттарын құруға байланысты нормаларды енгізуден басқа, алдыңғы актіде түзілген нормалар айтарлықтай пысықталып, редакциялық тұрғыда жақсартылды.

Енді елдегі басты заң шығарушы орган 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай болмақ. Оның мерзімі - 5 жыл. Бұдан бөлек, саяси сахнаға тағы бір ірі ойыншы, Қазақстан Халық Кеңесі шықты. Оның құрамына қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестіктер мен мәслихаттардан теңдей 42 өкілден, жалпы 126 адам кіреді. Олар референдум бастамасын көтеріп, Құрылтайға тікелей заң жобаларын ұсына алады.

ҒАЛИАСҚАР САРЫБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Құрылтайға Үкіметтің жұмысына сенімсіздік білдіру жағы тағы қарастырылды. Бұл өте үлкен нәрсе. Себебі, оны басташы ретінде депутаттардың Құрылтай депутаттарының 5тен 1і өздерінің ұсыныстары бойынша оны бере алады.  Сонымен қатар кез-келген министрді, яғни шенеунікті орнынан алып тастау мәселесіне байланысты егер 2ден 3тен бөлігі дауыс беретін болса, оны орнынан алатын болады.

Үлкен өзгеріс сайлау жүйесіне де енгізілді. Енді үміткерлерге хайп жасап, бір уақытта әрі депутаттыққа, әрі әкімдікке түсуге тыйым салынды. Бірақ, қоғамда үлкен пікірталас тудырған ең өткір норма - сайлау кабинасында толтырылған бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіріп, желіде таратуға салынған тыйым. Заң шығарушылар мұны "жасырын үгіт-насихат және сайлаушыларға қысым жасау тетігі" деп бағалап отыр. Егер заң бұзылса, Орталық сайлау комиссиясы сол учаскедегі сайлау қорытындысын бірден жарамсыз деп тануға құқылы.

АЙДОС САРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Екінші оқылымда қабылданған сайлау заңнамасына енгізілген түзетулер тазалық пен әділдікті қамтамасыз ету үшін қабылданды. Жасыратыны жоқ, бұған дейін сайлау кабинасында бюллетендерді суретке түсіріп, есеп беру әкімшілік ресурстардың көрінісі ретінде айтылып келді. Бұл тыйым - азаматтардың еркін, ешқандай қысымсыз таңдау жасауына кепілдік береді.

Парламент қабылдаған құжаттар аясында Астананың ерекше мәртебесі мен елдің әкімшілік-аумақтық бірліктерін цифрлық жүйеде тіркеу мәселесі де шешілді. Алты бірдей конституциялық заң - бұл жаңа саяси жүйенің іргетасы. Ережелер бекітілді, ендігі кезек олардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін бақылау.