Оралда телемедицина кабинеті ашылды

Оралдағы облыстық көпбейінді ауруханада телемедицина кабинеті іске қосылды. Енді жергілікті дәрігерлер Оңтүстік Кореядағы әріптестерімен онлайн байланысып, шалғай ауылдардағы науқастарды қашықтан қабылдай алады. Мұны өңірде алғаш рет өткізілген «Қазақстан–Корея» халықаралық симпозиумының нақты нәтижесі деуге болады.Бұл бастама Мемлекет басшысының цифрлық медицина жөніндегі тапсырмасымен үндесіп жатыр. 

Жаңа кабинет - цифрлық медицинаны дамыту жолындағы кезекті қадам. Енді оралдық дәрігерлер алыс аудан тұрғындарын қашықтан қабылдап, тиісті шешім қабылдай алады. Оңтүстіккореялық мамандар бұл саланың болашағы тың технологияларда дейді.

КИМ ХЕ ЮН, "ҚАСИЕТТІ МАРИЯ" ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КЛИНИКАСЫНЫҢ СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР БӨЛІМІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бізге түрлі елден науқастар хабарласады. Бірақ көбі келе алмайды. Сондықтан қашықтан кеңес береміз. Кореяда жасанды интеллект кеңінен қолданылады. Мысалы, жасанды зерде дәрігер жұмысын жеңілдетіп, диагнозды дәлірек қоюға көмектеседі.

Қазір өңірде 38 емдеу мекемесі телемедицина жүйесіне қосылған. Жыл басынан бері 383 науқас осы тәсілмен көмек алыпты. Бұл бастама ауылдықтарға қолайлы болып отыр.

НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, жұмыс барысын оңтайландыру, құжат айналымын қысқарту, сондай-ақ диагностика мен емдеу сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Президент халыққа арнаған Жолдауында қашықтан медициналық қызмет көрсету, яғни телемедицинаны дамытудың маңызын атап өтті. Біз осы бағытта оңтүстік кореялық тараппен тиімді ынтымақтастық орнатып отырмыз.

Оралдық дәрігерлер оңтүстіккореялық әріптестерімен онлайн байланысты нығайтты. Бұған былтыр осы елмен жасалған меморандумның да әсері бар. Осы келісімнен кейін неврология мен нейрохирургия саласының 10 маманы "Әулие Мария" емханасында тағлымдамадан өтті.