Елдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің 1 миллионнан астамын әйелдер басқарады

  • AstanaTV
  • 20 мамыр 2026

Экономиканың қозғаушы күшіне айналған іскер қыз-келіншектердің саны жыл санап артуда. Елдегі жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің жартысына жуығын, яғни 1 миллионнан астамын әйелдер басқарады. Елордада  1000-нан астам іскер арудың басын қосқан ауқымды форум өтті. Іс-шараға қатысушылардың арасында кәсіпкерлікке енді ғана қадам басқандар да, бизнесін дөңгелетіп, қомақты табысқа кенеліп үлгергендер де бар. Басқосу барысында нәзік жандылар өзара тәжірибе алмасып, жеке кәсіпті дамытуда кездесетін өзекті мәселелер мен жаңа экономикалық стратегияларды ортаға салды. Бұдан бөлек, жиын аясында отандық өнімдер мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, онда 70-тен астам іскер ананың туындылары жұртшылық назарына ұсынылды.

ЖАМИЛЯ ЕРНАЗАРОВА, КӘСІПКЕР, ФОРУМ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ:

Біздің негізгі міндетіміз - әйелдердің өз мүмкіндіктерін толық пайдалануына көмектесу. Сондықтан биыл алғаш рет форумның негізгі өзегі ретінде "өмірлік стратегия" тақырыбын таңдап алдық. Іс-шараның мақсаты - қатысушылардың тек өзара пікір алмасып қана қоймай, жиын соңында өз кәсібін ілгерілетуге қажетті нақты бағыт-бағдар мен дайын даму жоспарын қалыптастырып шығуына септігін тигізу.