Алимент қаражатты өндіріп алу кезіндегі шектеу қоюдан қорғалады

gov.kz

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық өндірісті жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады.
 
Түзетулер азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, жеке сот орындаушыларының жауапкершілігі мен кәсібилігін арттыруға, сондай-ақ атқарушылық өндіріс рәсімдерін жетілдіруге бағытталған.
 
Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар алиментті аудару үшін арнайы шот ұсынылатыны туралы түзетуді де қабылдады, бұл аталған қаражатқа шектеулер қою мүмкіндігін жоққа шығаруға мүмкіндік береді.
 
Заңмен атқарушылық құжаттардың жекелеген санаттары бойынша оңайлатылған өндірісті қолдану аясы кеңейтіледі. Атап айтқанда, айыппұлдар мен салықтық берешектер бойынша өндіріп алу шегі 20-дан 40 АЕК-ке дейін ұлғайтылады.
 
Түзетулермен сондай-ақ борышкерді алдағы уақытта баспанадан шығару туралы кемінде он күнтізбелік күн бұрын хабардар ету міндеті енгізіледі. Атап өтілгендей, бұл азаматтарға көшуге алдын ала дайындалуға және тұрғын үй мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
 
Сонымен қатар, мәжбүрлеп орындау шараларын ұсыну мерзімі өткен жағдайда олардың барлығының күшін жою қарастырылады. Бұл ретте атқарушылық өндірісті аяқтаған сот орындаушысына басқа сот орындаушылары қойған тыйым салулардың күшін жою құқығы беріледі.
 
Түзетулер бойынша, баламен араласу тәртібіне байланысты атқарушылық құжаттар бойынша тұлғаларды Борышкерлердің бірыңғай тізіліміне автоматты түрде қосу жоққа шығарылады. Бұдан бөлек, тараптар татуласу келісімін жасасу үшін сотқа жүгінген кезде атқарушылық өндіріс бір айға дейінгі мерзімге тоқтатыла тұруы мүмкін.