Президент қоғамда кітап оқу мәдениетін насихаттау туралы ой қозғап, мемлекеттің осы бағытта қолға алған бастамалары жөнінде айтты.
– Кітап оқу өркениетті қоғам құрып, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы деп айтсақ, артық болмайды. Сондықтан біз ел ішінде, әсіресе, жастар арасында кітап оқу мәдениетін кеңінен дәріптеуіміз керек. Мен өткен аптада Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы арнайы Жарлыққа қол қойдым. Осы маңызды құжаттың негізгі мақсаты – ұлт сапасын арттыру, яғни, адам капиталын дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту. Үкіметке осы бағыттар бойынша нақты шараларды іске асыруды, соның ішінде кітапхана және кітап шығару ісін заң тұрғысынан қамтамасыз етуді тапсырамын. Сонымен қатар «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы бекітіледі, «Жылдың он оқырманы» республикалық жобасы өткізілетін болады. Баршаға қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасы іске қосылады. Басқа да тың бастамалар жүзеге асырылады. Бұл жұмысқа тұтас қоғаммен бірге мәдениет саласының қызметкерлері, әсіресе, кітапханашылар, баспагерлер белсене атсалысады деп ойлаймын. Сонымен бірге мен жақында еліміздің орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Меніңше, бұл – шын мәнінде аса өзекті және қажетті қадам. Қазіргі технология дәуірінің қарқыны өте жылдам. Сондықтан мұндай маңызды шешімді дер кезінде қабылдамасақ, жастарымыз дамудың даңғыл жолына түсе алмай, артта қалып қоюы мүмкін. Ал бұл мемлекетіміздің келешегі үшін аса қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Біз, әрине, ондайға жол бермейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы алдымызда Әділетті, Таза, Мәдениетті, Өркениетті, түптеп келгенде, Озық ойлы Қазақстанды құру міндеті тұрғанын еске салды.
– Біз мұның аса жауапты әрі өте күрделі міндет екенін жақсы түсінеміз. Халқымыз «Әрекет түбі – берекет» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, озық және нағыз дамыған ел боламыз десек, ең алдымен, қоғамда жаңа мәдениет қалыптастыруымыз қажет. Еңбекқорлық, білімпаздық, жасампаздық, жанашырлық, отаншылдық қасиеттерін өскелең ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек. Мұның бәрін күнделікті қажырлы еңбекпен, нақты іспен көрсетуіміз қажет. Заң мен тәртіп қағидаты мәдениеті жоғары қоғамда ғана берік орнығады. Бұл – ақиқат. Осы маңызды жұмысқа Сіздер де елеулі үлес қосып жүрсіздер, болашақта да солай болады деп сенемін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, бүгін төл мәдениетіміздің өрісін кеңейтіп, халқымыздың рухани дүниетанымын байыту жолында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ азаматты жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
– Қазір біздің ортамызда белгілі әнші әрі домбырашы Татьяна Николаевна Бурмистрова отыр. Ол жарты ғасырға жуық уақыт бойы қазақтың дәстүрлі өнерін белсенді түрде кеңінен дәріптеп, жас дарындарға үлгі-өнеге көрсетіп жүр. Бүгін мен Татьяна Бурмистроваға ең жоғары «Отан» орденін беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Сонымен қатар бүгін жезтаңдай әнші, халқымыз, әсіресе, әйелдер қауымы жақсы көретін өнер иесі, Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісоваға екінші дәрежелі «Барыс» орденін тапсырамын. Михаил Лермонтов атындағы ұлттық орыс драма театрының актрисасы Марина Юрьевна Ганцева III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталады. Ол Қазақстан мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосты. Таланты мен көпжылдық еңбегінің арқасында театр өнерін бағалайтын көрерменнің ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленді. Кәсіби мереке күні мәдениетіміздің дамуына зор еңбек сіңірген бірнеше өнер қайраткеріне «Қазақстанның халық әртісі» атағы беріледі. Жалпы, биыл елімізде 120 мәдениет және өнер қызметкері мемлекеттік марапатқа ие болады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент төл мәдениетіміз түркі өркениетінің ажырамас бөлігі саналатынын жеткізді.
– Мен биыл Ұлыстың ұлы күнінде киелі Түркістан жерінде мемлекеттік наградалар қатарына Qoja Ahmet Yasaui орденін енгізу туралы маңызды бастама көтердім. Бұл марапат Қазақстанның дамуына айрықша еңбек сіңірген еліміздің және шетелдің белгілі ғалымдарына, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне берілетін болды. Осы жоғары марапатты өткен аптада бірінші болып Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға және осыдан екі күн бұрын ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры Одрэ Азуле ханымға табыстадым. Азуле ханым кезінде Қазақстан мен ЮНЕСКО-ның ынтымақтастығын нығайтуға зор еңбек сіңірді, әсіресе, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қатысты жұмысқа белсене атсалысты. Мұны ерекше атап өткім келеді. Сондықтан біз түркі бірлігін нығайтуға, ұлт мәдениетін дәріптеуге мол үлес қосқан шетелдік әріптестеріміздің еңбегін әрдайым жоғары бағалаймыз. Сонымен қатар бүгін мен ұлт өнеріне елеулі үлес қосып жүрген бірнеше азаматқа пәтер кілтін табыстаймын. 2024 жылдан бастап осы күнге дейін мәдениет және өнер қайраткерлеріне жалпы саны 200 пәтер берілді. Бұл игі үрдіс міндетті түрде өз жалғасын табады. Баршаңызға құтты болсын! Төл өнеріміз өркендей берсін! Ұлт мәдениетінің мәртебесі әрдайым биік болсын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.